БҚО-да мектеп автобусымен болған жол апаты: 24 бала ауруханаға жеткізілген

Жол-көлік апатынан кейін ауруханаға жеткізілген үш бала травматология бөліміне түсті.

Gov.kz

Астана, NEGE. Батыс Қазақстан облысында мектеп автобусы қатысқан жол-көлік оқиғасына қатысты тың мәліметтер айтылды. «Мой город» басылымының жазуынша, апаттан кейін 24 бала медициналық мекемелерге жеткізілген, оның 21-і амбулаториялық емге жіберілген.

Ал травматология бөліміне түскен үш балаға дәрігерлер жабық бас-ми жарақаты және ми шайқалу диагноздарын қойды. Олардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

«Балалар қажетті емді қабылдап жатыр. Қажетті тексерулер жүргізілді. Балалардың барлығын дәрігерлер қарап шықты. Жастары 7 мен 12 аралығында», – деді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігері Даурен Құсмағанбетов.

Айта кетейік, зардап шеккен 20 бала Подстепное кентіндегі №2 орта мектептің оқушылары болса, қалған төртеуі екінші автобустың жолаушылары болған.

«Мектеп автобусы бағдаршамға тоқтап тұрған кезде оған №12 жолаушылар автобусы келіп соғылды. Мектеп автобусында 20 бала болған. Барлығы отырған күйде келе жатқан, қастарында кезекші мұғалім болған. Мектеп автобусы тарапынан ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Барлық бала травмпунктке жеткізіліп, ата-аналары шақырылды. Барлығына медициналық көмек көрсетілді», – деді мектеп директоры Жадыра Тұрсынова.

Теректі ауданы Подстепное кентіндегі жол-көлік оқиғасы 31 наурыз күні болды. ІІМ мәліметінше, Самара – Шымкент республикалық автожолымен келе жатқан жолаушылар автобусы мектеп автобусымен соқтығысқан. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жолаушылар автобусының жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір оқып жатыр

Бапи: Дүмше уағызшылар қоғамға қауіп төндіріп отыр

Заңгер Әділетхан Молдахан 10 тәулікке қамалды

Алматыда АИТВ жұқтырып, 13 жастағы қызды зорлады деп айыпталған ер адам сотталды

Таразда оқушы ата-ана құқығынан бас тартқан әкесінен алимент өндіріп алды