БҚО-да колледж студенті әкесін сотқа беріп, айына 40 мың теңге алимент өндіріп алды

Батыс Қазақстан облысында колледж студенті аудандық сотқа әкесіне қатысты оқу кезеңінде алимент өндіру туралы талап арыз берген.

pixabay.com

Астана, NEGE. Облыстық сот мәліметінше, студент талап арызын қазіргі уақытта колледждің күндізгі бөлімінде оқитынымен түсіндірген.

Татуластырушы-судья сотқа дейінгі татуластыру шараларын жүргізіп, тараптарға дауды бейбіт жолмен шешу жолдарын және оның салдарын түсіндірген. Нәтижесінде тараптар татуласу келісіміне келіп, оны бекіту үшін сотқа ұсынған.

«Келісім шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшының пайдасына 2026 жылғы 25 қыркүйектен 2027 жылғы 25 маусымға дейін, 10 ай бойына ай сайын 40 мың теңге талап қоюшы жиырма бір жасқа толғанға дейін оқу кезеңіне алимент төлеп тұруға міндеттенді, ал талап қоюшы өз талабынан бас тартты», – делінген сот хабарламасында

Сот медиативтік келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан. Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.