БҚО-да ит аулайтын мердігерге алғашқы төлем жасалмақ

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Асылжан Хайруллин бұралқы иттерді аулаумен айналысатын «Өркен» ЖШС компаниясына 1,2 миллион теңге төлеу жөніндегі электрондық актіні бекітті.

NEGE

Астана, NEGE. Компания Батыс Қазақстан облысында иесіз жануарларды аулау бойынша мердігер болып таңдалған. Келісімшарттың жалпы сомасы – 9 миллион теңге. Оның 2,5 миллион теңгесі биыл, 6,5 миллион теңгесі келесі жылы төленуі тиіс.

Бұл тендер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Себебі ашық деректерде «Өркен» компаниясының қызмет түрлерінің қатарында «етті қайта өңдеу және консервілеу» де көрсетілген. Осыған байланысты кейбір тұрғындар ауланған иттердің еті заңсыз жолмен базарларға немесе қоғамдық тамақтану орындарына жеткізілуі мүмкін деп алаңдайды.

БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі бұл күдікке қатысты түсініктеме берді. Әкімдік мәліметінше, Қазақстанда ит етін қайта өңдеуге тыйым салынған. Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және басқа да жауапты органдарға мұндай жағдайлар бойынша шағым түспеген.