31 августа 2022 г. 14:50

Бизнес әлемінде әр әйелдің өз жолы, өз тарихы бар

Фото:

Қоғамда іскер әйелдердің белсенділігі өте жоғары. Заман талабына сай кез келген әйелдің өзін дамытуына, біліктілігін жоғарылатуына мүмкіндік мол. Бұл тұрғыда Жамбыл облысының қыз-келіншектерінен үлгі алуға болады. Отбасын да ұйытып, кәсіпті де жүргізіп отырған Шохиста Мұхамеджанова Шухратқызының айтуынша, бүгінгі қоғамды әйелдердің оптимистік көзқарасынсыз елестету қиын.

     «Жамбыл облыстық рестораторлар мен ательерлер қауымдастығының төрағасымын. Сондай-ақ, Іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшесімін. Қоғамдық жұмыстармен қатар өз кәсібімді өрге домалатып жүрген кәсіпкермін. «Build svyazkom» құрылыс компаниясының директорымын. Яғни, біздің компания құрылысқа қажетті полиэтилен құбырларын жасаумен айналысады. Жақында ғана кофейняның тұсауын кестік.

Өзім тұрмыстамын, төрт балам бар. Бүгінгі таңда рестораторлар қауымдастығының жұмысын ілгері жылжытуға күш салып жатырмын. Нәтижесінде түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Кеше ғана «Шашлык фест» фестивалі өтті.

Бұған дейін мамыр айында бард музыка фестивалі болды. Біз осы арқылы қонақжай туризмін дамытып, Жамбыл облысына туристік маршруттардың атбасын бұруға атсалысқымыз келеді», – дейді іскер келіншек.

Шохиста Мұхамеджанованың айтуынша, әр кезеңде әйелдің рөлі айрықша болған. «Қоғамдағы әйелдің рөлі әр кезеңде әртүрлі қалыптасты. Бұрын ана отбасының ұйытқысы ғана міндетін атқарды. Қазір заман басқа. Әйелдің рөлі де, міндеті де, құқы да кеңейе түсті. Себебі, әйел – жар, әйел – ана, әйел – кәсіпкер. Бүгін әйел бірнеше міндетті қатар алып жүре алады. Әйел қоғамға қандай да бір пайдасын тигізуді көздейді. Сондықтан қазіргі әйелдердің беталысы, өзін дамытуға деген талпынысы ұнайды, қуантады. Олар қоғамда ізгілік пен мейірімділік дәнін сеуіп қана қоймай, әлеуметтік жағынан белсенді», – деп толықтырды пікірін.

Демек, әйелге кез келген істі, кәсіпті сеніп тапсыруға болады. Бизнес тәуекел жасауды сүйеді. Әйел жоспар құрса, көп ойланбастан, парасаттылығы мен жан-жақты саралауының арқасында кәсіп көзін аша алады. Бизнестің өз талабы бар. Кейде жұмсақтықты, кейде қаталдықты талап етеді. Осы жағынан алғанда, әйел бәріне байыпты көзбен қарап, алыстағыны болжап отырады. Біздің бұл пікірімізді іскер келіншек Шохиста Шухратқызы да құптай кетті.
«Кей әйел бизнеске отбасылық жағдайға байланысты келуі мүмкін.

Іскер болуға қабілетті әйел түбі бір кәсіп ашуға ұмтылады, дегеніне жетеді. Қазір Жамбыл облысында көп әйел жетістікке жетіп, таныла бастады. Оған мысалдар жетерлік. Қоғамда әйелдердің дамып, өсіп жатқанына қуану керек. Әсіресе, шалғайдағы елді мекенде тұратын аналардың ақпарат алуына, кәсіп бастауы үшін кеңес алуына көмек беру қажет.

Себебі, қалада тұратын әйелдер ақпаратқа қанық, керек кезінде қажетті кеңесті алуға мүмкіндігі бар. Осы тұрғыдан алғанда тиісті ақпаратты дер уағында алып, оны кәдеге жаратса, қуанамыз. Жан-жақты, білімді әйел бизнесті де сауатты жүргізе алады. Сондықтан адамның жасағанын адам істейді. Шыны керек, қала мен ауыл әйелдері арасынан айтарлықтай айырмашылық көрген емеспін. Ауылда да кәсіп ашып, өнім шығарып, оны танытып жүрген қыз-келіншектер жетерлік», – деді ол.

Бұдан түйгеніміз, әр әйелдің өз тарихы, өз жолы бар. Әрине, қандай да бір іс бастау үшін қаржы керек. Ең бастысы, ниет болса, бағыт-бағдарың анық болса, бұл да мәселе емес. Қазір кәсіп бастаймын деген әйелдерге қолдау көп. Біреу жоба ұсынып, грант ұтып алады, енді бірі субсидия алуға ұмтылады. Соңғы кезде әйелдер білім көкжиегін арттырудан аянып қалған емес. Кәсіби біліктілігін жоғарылатып, арнайы білім алу да артықтық етпейді. Әйел бақытты болса, отбасы да бақытты.  

Тегтер: