Біз көрген 5 экономикалық құбылыс
Сөзсіз, 2019 жыл экономикалық өзгерістерге бай болды. Олардың арасында бізді қуантқаны да бар, мұңайтқаны да бар. Nege.kz іріктеу жүргізіп, ішінен ең маңызды бесеуін таңдап алды. Осы бесеудің кез-келген қазақстандықтың өміріне ықпал еткеніне, не етеріне күмән келтірмейміз.
1 орын. Қазақстандықтардың несиелерін жабу
Идея авторы - Қасым-Жомарт Тоқаев. 500 мыңнан астам қазақстандықтың кепілсіз алған несиелері автоматты түрде, мемлекет есебінен жабылды. Ол жаңа президент Тоқаевтың халыққа көрсеткен алғашқы жақсылығының бірі болды. Сарапшылар, бұл шешім тек қана халыққа емес, банктерге де үлкен жеңілдік берді деген пікір білдірді. Себебі, оның ішінде көптеген азаматтар сол несиені қайтара алмай жүрген еді. Банктер ол қарызды мемлекеттен алды.
Фото: inbusiness.kz
2 орын. Атаулы әлеуметтік көмек
Жыл басындағы кейін мемлекеттің әлеуметтік саясаты 180 градусқа бұрылды. Көпбалалы отбасыларға әр балаға 21 мың теңгеден төлене бастады. Ол көмек 1,6 миллион ел азаматын қамтыды. АӘК төңірегінде түрлі даулар болды. Әлеуметтік көмекке зәру болып қалғандардың арасында коттеджі барлар, Лексуспен жүргендер табылып, халықты шулатты. Қазанның басында тәжірибелі саясаткер Бердібек Сапарбаев отырып, ол көмектің әділ үлестірілуін қадағалауға күш салды. Жұмыс істегенен көрі АӘК алғанды жөн көреді деп еркек азаматтарға шүйлікті. Жыл соңына қарай бұл жүйенің реформалатыны және оның арқасында АӘК алатындардың саны 2 есеге қысқаратыны белгілі болды.
Фото: pavon.kz
3 орын. Жаңа агенттік
Қазақстанның Ұлттық Банкі екіге бөлінетіні белгілі болды. Банктен жаңа дербес құрылым – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бөлініп шықты және ол бүгіннен бастап өз жұмысын ресми түрде бастады. Бұдан былай ҚНРДА Алматы қаласында орналасады. Ұлттық Банк секілді агенттік те Қазақстан президентіне тікелей бағынып, есеп береді. Ұлттық Банктен 500 маман ҚНРДАға ауысты. Агенттік қаржы нарығын реттеу және дамыту, оның ішінде қаржы ұйымдары қызметінің стандарттарын әзірлеу, қаржы ұйымдарының корпоративтік басқаруын жақсарту үшін ынталандыру, тұрақты қаржы жүйесін сақтау үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарына мониторинг жүргізумен айналысады. Оған Мәдина Әбілқасымова басшы болып тағайындалды.
Фото: primeminister.kz
4 орын. AQR
AQR - банктерді кешенді тексеру. 14 ірі банкті қамтып, барлығына стресс алып келді. Екі күн бұрын алғашқы нәтижесі шықты. Банктерге тәуекелдерді толығымен жабу үшін 450 миллиард теңге қажет екені белгілі болды. AQR екі кезеңнен тұрады. Жаңа жылдың алдында бірінші кезең аяқталды. Екінші кезең осы қаңтар айында жүргізілетін болады.
Фото: glassdoor.com
5 орын. Несие талаптары
2019 жылы несие талаптары күшейетіні белгілі болды. Ол қазақстандықтардың мойнына артылып жатқан кредиттік құлдықты барынша жоюға бағытталған шара. Тиісті заң жобасы әзірленіп, парламенттен өтіп, президенттің қолы қойылды. Бүгіннен бастап заң өз күшіне енді. Енді қарыз алушылардың борыштық жүктемесін есептеу тәсілдері өзгереді – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2020 жылы 31 183 теңге) төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды. Сондай-ақ банктердің меншікті капиталының жеткіліктігіне қойылатын талаптар арттырылды. Бұл банктердің кепілсіз қарыздарды, әсіресе табысы төмен азаматтарға беруге экономикалық ынталандыруларын төмендетеді. Жұмыссыздарға да несие берілмейді. Себебі енді қарыз алу үшін соңғы 3-12 айдағы ресми кіріс туралы мәлімет болуы керек.
Фото: Тұрар Қазанғапов, tengrinews.kz