Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов бостандыққа шығады
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың туысы, Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты ауыр қылмысты жасырып қалғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған Бақытжан Байжанов бүгін бостандыққа шығуы мүмкін.
Астана, NEGE. Бұл ақпаратты Бақытжан Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаев растады.
«Бүгін түске дейін өткен сот отырысында Бақытжан Байжановқа қатысты рақымшылық жасау актісі қолданылып, оны дереу босату туралы қаулы шықты. Сот қаулысы жазаны өтеу мекемесіне түскен бойда ол бостандыққа шығуы тиіс», – деп мәлімдеді NEGE-ге адвокат.
Оның айтуынша, жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына үш айдан сәл астам уақыт қалған.
Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы – «Қылмысты жасыру» бабы бойынша айыпталып, 4 жылға сотталған еді.
Өткен жылы Степногорск қалалық соты Байжановтың амнистияға байланысты жазасын қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырған болатын.