Бішкектегі бүлік: Демократия ма, әлде охлократия ма?
Қырғызстанда тағы төңкеріс. Бір түн ішінде аспан айналып, жерге түсті. Парламент сайлауынан кейін наразылық күшейіп, соңы тағы да үлкен бүлікке ұласты.
Кешқұрым алаңға жиналған түрлі саяси партиялардың өкілдері бейбіт түрде митингі бастаған. Таң атқанша «Ақ үй» деп аталатын Президент кеңсесі мен парламент үйін шерушілер күшпен басып алды. Күштік құрылымдар наразылар жағына өткен. Түрмеде жатқан бұрынғы премьер-министр Сапар Ысақов пен экс-президент Алмазбек Атамбаев босатылған. Қақтығыс кезінде бір адам қаза тауып, оншақты адам жарақат алған.
Алаңға шыққан шерушілердің ұзын-саны – 3-4 мыңдай адам. Парламент үйінен де өрт шығып, Бішкек қатты дүрлігіп тұр.
Бұл оқиға қазақ сарапшылары мынадай баға беріп отыр:
Досым Сәтбаев:
Жиенбековтің президент болып қалатынына күмәнім бар
– Қырғызтан тағы да таңқалдырып отыр. Мен бұл елді Орталық Азияның «ақ қарғасы» деп атап жүрмін. Өйткені, ол авторитарлық жүйелерден қатты ерекшеленеді. Қырғызстан Беларусь те емес, Қазақстанға да ұқсамайды. Қырғыз елінде бірде-бір адам тек қана күштік құрылымдарға немесе олигархтарға арқа сүйеп, билікті ұстап тұра алған емес. Қырғызстанда осыған дейін екі бірдей революция өтті. Елден безіп қашқан екі президентті көрдік. Үшінші президентті түрмеге тықты. Қазір Алмазбек Атамбаевты босатты. Бұл – аймақтағы сотталған бұрынғы президентті босатқан бірінші төтен оқиға. Қырғызстандағы саяси өмір өте қарқынды, болжап білу қиын. 2005 жылдан бері Қырғызстан қоғамы саясатта өте белсенді. Ұдайы өзгерістерді талап етіп отырады.
Бір жағынан халық саяси ойындардан, саяси уәделерден қатты шаршады. Екінші жағынан қандай да бір өзгерістерді күтеді. Сондықтан осы парламенттік сайлауға қатты үміт артқан. Бір ғана партия басқаратын, қалғандары нөпірдің рөлін ойнайтын Қазақстанға қарағанда, Қырғызстанда сайлауға 16 партия қатысты. Президент Жиенбековпен, олигархтармен байланысты бірнеше партия болды.
Сайлау қорытындысы бойынша, осы партиялар парламентке өтті. Партиялардың бір бөлігі осы сайлау алдында пайда болған. Бұл партияларды «Парламентке барып қалармыз» деген үмітпен Қырғызстанның азаматтық қоғамы құрған. Олар парламентке олигархтар мен Жиенбековтің партиялары ғана өткенін, әсіресе, осыған дейін отырған депутаттар парламент орынтағына қайта жайғасқанын көргенде, бұл үлкен наразылық тудырды. Ескі оппозиция ғана емес, жаңа оппозиция да өре түрегелді. Парламентке өтпеген барлық партиялар алаңға шықты. Кейбірі бірігіп, коалиция құрды. Атамбаев бір кездері тізгінін ұстаған Социал-демократиялық партия оны түрмеден босату сценарийін жасап үлгерді. Бұл партияны Жиенбеков бөлшектегенімен, діңгегі қалған секілді. Туыстары, жерлестері, жақтастары бар. Олар күш екенін көрсетті.
Атамбаевты босату – өте қызықты жайт. Жиенбеков алдыңғы президенттердің кебін киюі мүмкін екенін жақсы түсінеді. Мәселен, Ақаевтың, Бакиевтің, тіпті, Атамбаевтың да. Лукашенко, Назарбаев және Путиндерге қарағанда, оның маневр жасай алатын алаңы тым тар.
Ол күштік құрылымдарға арқа сүйей алмайды. Өйткені, олар халыққа қарсы шықпайды. Мұны бұрынғы төңкерістер көрсетіп берген. Жиенбеков енді билігін сақтап қалуға әрекет жасайды. Жағдайды тұрақтандыруға ұмтылады. Қазірдің өзінде сайлаудың нәтижесінен бас тартып, «қайта өткіземіз» деп жария етілді. Меніңше, қалай десек те, Жиенбектің абырой-беделіне нұқсан келді. Елді әрі қарай басқара алуына үлкен күмән туып отыр. Өйткені, бостандыққа шыққан Атамбаевты қайтпек? Оны қайта түрмеге отырғызу өте қауіпті. Ал Атамбаев саясатқа белсеніп кірісе ме? Әйтеуір Атамбаевқа саясатқа қайта келуге, «сатқын» деп есептейтін Жиенбековке соққы беруге жақсы мүмкіндік туып тұр.
Қазыбек Бейсебаев:
Билік осыдан қорытынды жасауы тиіс
– Қырғызстан халқы парламент сайлауы әділ өтпеді деп наразылық көрсетіп, оның арты үшінші революцияға ұласты. Президенттің қайда екені белгісіз. Наразылар президент кеңсесі мен парламент үйін басып алды. Бұл нені көрсетеді? Билік халықты ойламаса, халық билікті оңдырмайды. Қанша жамандасақ та, Лениннің сөзі іске асып жатыр: «Революциялық жағдай қашан орнайды? Биліктің қолынан келмейді, халық шыдай алмайды».
Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте қиын. Пандемия кесірінен Ресейде жұмыс істеп жүрген қырғыздар елдеріне келді. Әлеуметтік жағдай тіпті де нашарлап кетті.
Мұның бізге әсері қандай болады? Беларусь пен Қырғызстан – одақтас елдер. Екі мемлекет өте жақын. Алдымызда сайлау келе жатыр. Азаматтарымыздың да талаптары күшейеді. Халық арасында билікке қоятын сауал көп. Қазір бұрынғыдай «Нұр Отан» мен парламенттегі екі партияны халық қабылдай алмайды. Азаматтардың белсенділігі күшейеді. Өйткені, бізде де әлеуметтік жағдай нашарлап барады. Өмір сүру қиындады. Билік осыдан қорытынды жасауы тиіс. Сайлаудың әділ өтуіне мән беруі керек.
Расул Жұмалы:
Бәрі дежавю
– Өте өкінішті жағдай! Қантөгіс болып, қаншама адам жарақат алды. Мемлекеттік нысандар ғана емес, қарапайым азаматтардың мүліктері бүлінді.
Қырғызстанда соңғы 15-20 жылда билікті төңкеріп тастау, көтеріліске шығу, бүлік ұйымдастыру дәстүрге айналып кетті. Кейбіреулер мұны демократияның формасы ретінде қарастырып жатыр. Меніңше, бұл демократияға онша жақын емес. Демократия ойыма келгенді істеймін деген нәрсе емес, ол – ең алдымен жауапкершілік. Халықтық билік. Халықтың ортақ ойын ережелеріне бағынуы.
Өкінішке қарай, Қырғызстандағы жағдай охлократияға жақын. Бұл – тобырдың билігі. Охлократия жағдайында неше мәрте революция орнады. Бұл елдің тұрақсыздығының, ортақ мәмілеге келе алмайтының көрінісі. Жік-жікке бөлініп отыр.
Жиенбеков оңтүстіктің өкілі болғандықтан, оңтүстікке қарай қашты. Қолдаушылары солтүстікке қарсы шықты. Саяси партияларының саны 250-ге жуықтады. Бір-бірімен қырқысып, бас басына би болып отыр. Жақын, бауырлас ел болғандықтан, жағдай тұрақталып, ахуалдың жақсарғанын қалаймыз. Бірақ бұл елдегі саяси дәстүрлерді ескерсек, жағдай қайталана беруі ықтимал.
Осы оқиғалар 2005 жылғы революцияның дәл көшірмесі сияқты. Сайлауға наразылық танытып шыққан оппозиция, оппозицияның өзі соңынан ерген тобырды бақылаудан шығарып алып, солардың жетегінде кеткені, президент кеңсесін басып алғаны, сол кездегі оппозиция серкесі Феликс Куловты түрмеден босатқаны, тонаушылық әрекеттер, бұрынғы президенттің Бішкектен қашқаны, бәрі дежавю секілді.
Одан кейін соңғы он бес жылда не болғаны белгілі: жікке бөліну, мафиялық орталар, қылмыстық топтардың билікке келуі, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың құлдырауы. Қырғызстанда соңғы айларда: «Бізге бүйткен мемлекеттің, тәуелсіздіктің қажеті жоқ. Одан да Ресейдің қол астына кірейік», – деген мәлімдемелер үдеп кетті. Қырғыз элиталары ресейшіл болып, сол елдің сойылын соға бастады. Бұл – өте қауіпті әрі өкінішті жағдай.