Біртанов «шындық үшін» күресуге ниетті
ҚР Денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртановқа келтірілген күдік негізсіз, оның ешқандай кінәсі жоқ, - дейді оның адвокаты Дмитрий Куряченко.
Алматы, NEGE. Адвокат Дмитрий Куряченконың айтуынша, Елжан Біртанов "өтірікке қарсы, шындық үшін" күреседі.
"Ол өтірікке қарсы, шындық үшін күресуге ниет білдіріп отыр. Өзіне әділетсіздік жасалғанын сезіп отыр", - деді қорғаушы.
Дмитрий Куряченко Біртановты ұстау туралы шешімге шағым түсіретінін атап өтті.
Ол белгілі дәрігерлер мен қоғам қайраткерлері араға түсіп, жазған хаттары істе маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
"Заңда жекелеген адамдардың мінездемесі, кепілдік беруі қарастырылған, өйткені ол сотта белгілі бір рөл атқарады. Ал азаматтардың жеке пікірін тыңдап, оны ескеруі, заңның осы бір тұсын пайдалану жағы сотқа байланысты", - деді Куряченко.
- Экс-министр өзін кейбір азаматтардың қолдап жатқанын біліп отыр және оларға алғысы шексіз, - деді ол.