22 апреля 2020 г. 15:51

Біртанов Надыровпен кездесті ме? 

Фото:

Бұрынғы вице-министр Камалжан Надыровтың коронавирус жұқтырып алғаны белгілі болды. Оның індетті қалай және қай уақытта жұқтырғаны, кімдермен тікелей байланыста болғаны әзірге белгісіз. Ал енді министр Біртанов бұрынғы орынбасарымен кездесті ме? 

Үкімет қаулысымен Камалжан Надыров басқа жұмысқа ауысуына байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылып, Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған еді. 

Алайда, министрдің бүгінгі жазбасында оның коронавирус жұқтырып алғаны мәлім болды. Қазір ол емделу үшін ауруханада жатыр. Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Т.Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші де уақытша тоқтатылды.

Біртановтың айтуынша, Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген. Сол себептен қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына К.Т.Надыровты тағайындау жоспарланып қойған. 

Камалжан Надыров індетті қайдан жұқтырып алуы мүмкін? Министрдің пікірінше, ол өткен аптада инспекциялық іссапармен өңірлерге, атап айтқанда Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарына және Алматы қаласына барыпты. Экс-вице министр аралаған медициналық мекемелердің кейбірі карантиндік нысан қатарына алынған екен.

Енді бүгін Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та коронавирусқа тест тапсырмақшы. Біртанов Надыровпен бетпе-бет кездесті ме? Nege.kz тілшісі министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріппен хабарласып, осыған қатысты түсініктеме алды.

«Тек қана Skype арқылы қашықтан сөйлесті. Жалпы, министрліктің 90 пайыз қызметкерлері үйде қашықтан жұмыс істеп жатыр. Жұмыста тек министр, сосын тағы 3-4 қызметкер бар. Олардың бәрі оқшауланып, бөлек кабинетте отыр. Дегенмен, министр бастаған сол қызметкердің бәрі тест тапсырады. Оның қорытындысын жариялаймыз» деді ресми өкіл. 

Тегтер: