Біреуге ор қазба...
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің төрт бірдей өкілі қызмет бабын асыра пайдаланғаны, айғақтарды бұрмалағаны, жалған шағым жасағаны, адамды қинағаны және өлім халіне жеткізгені үшін айыпталды. ("За что боролись...", "Время")
23 қаңтарда Есіл ауданының № 2 сотында Қанат Тобағалиұлының төрағалық етуімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің бір топ өкіліне қатысты алғашқы сот тыңдауы өтеді. Сотталушылар төртеу – астаналық Ұлттық бюро бастығының бұрынғы орынбасары Шыңғыс Мырзахметов пен үш жедел уәкіл: Бауыржан Керімбеков, Ержан Жақыпов және Рүстем Ерланұлы. Сот жемқорлықпен күрескерлердің жазықсыз адамдарды жауапқа тарту үшін заңнан аттады деген күдік туған үш бірдей жағдайды қарайды.
Бірінші оқиға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне қатысты соңғы жылдардағы ең абыройсыз жағдаймен байланысты. 2018 жылдың күзінде астаналық мемлекеттік кірістер департаментінің үш бірдей қызметкері ұсталды деген ақпарат елді елең еткізген. Парақор деген күдікке ілінгендердің бірі – елордалық МКД бастығының орынбасары Қайрат Жұмағұлов еді. Онымен бірге әуежайдағы кеден бекетінің бастығы және кеден қызметкері қамауға алынды. Олар бірнеше ай абақтыда отырған кезде көлік прокуратурасы алтынды баж салығынсыз өткізу үшін кеденшілерге ұсынылды деген параны шын мәнінде Ұлттық бюроның жедел уәкілдері Керімбеков пен Жақыповтың арандату мақсатында бермек болғанын анықтайды.
Жүкті жеткізу үшін контрабандашылар деген әлдекімдермен өздері келіскен жедел уәкілдер кеденшілерді оларға тиіспеуге көндіреді әрі сол үшін 1 450 доллар пара алады да, сол ақшаны МКД-дегі өздері көздеген адамдарға ұсынбаққа талпынады.
Қадағалаушы орган мәселенің ақ-қарасын айырған соң, кеденшілердің үстінен қозғалған істі қысқартып тастайды да, керісінше, жемқорлықпен күресіп жүрміз дегендердің өзіне қарсы 362-баппен (қызмет бабын асыра пайдалану) іс қозғайды. Тергеу барысында-ақ бірқатар мән-жайдың беті ашылыпты.
Сөйтсе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдері Жұмағұлов пен оның қарамағындағылардың ізінен жарты жыл бойы аңдыған екен. Олардың жұмысынан заңға қайшы ілік таппаған соң, күмәнді контрабандашылардың көмегімен жоғарыда айтылған қулыққа барып, кеденшілердің кінәсін дәлелдейді дейтін жалған айғақтармен іс ашады. Одан бөлек прокуратура жемқорлықпен күрескерлер сценарийдің өздеріне тиімді ауанда өрбігеніне мүдделі болғанын анықтайды.
Мәселен, толық құқықтары бола тұра түсініксіз себеппен маңызды әңгімелерді жазбаған, керісінше, жазуға ешқандай рұқсаты болмаған уақытта диктофон қосқан. Алтын елге заңсыз түрде тек бір рет қана әкелінген, ал кеденшілерді о бастан-ақ осыған көз жұмғаны үшін жүйелі түрде пара алып келді деп айыптаған.
Келесі оқиға көлік бақылауы комитеті қызметкерлерімен байланысты. 2017 жылдың күзінде елордалық сыбайлас жемқорлықпен күрескерлер осы мекеменің бас маманы Мұрат Әбіловтен пара алады деп күдіктеніп, оны аңдуға көшеді. Бұл іспен сол баяғы Жақыпов пен Керімбеков айналысқан. Әбіловтің кінәсін айғақтайтын дәлелдерді жинаған соң, күдіктіні тергеуге алған уәкілдер оны пара беруге көндіреді. Керімбеков айына бір миллион теңге беріп тұрса, Әбіловтің құқық қорғау органдарымен байланысты бар мәселесін шешіп беруге уәде етеді. Бұған келіскен Әбілов үш мәрте бір миллионнан ақша әкеп берген.
Бас маманға салған алымдарын азырқанды ма, кім білсін, енді жемқорлықпен күрескерлер оның жетекшісі – Астана қаласы бойынша көлік бақылауы инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Әлімжановтың ізіне түседі. Керімбеков бастықтарына көз қырын салғаны үшін өзіне Әбіловтен бөлек, Әлімжановтың да төлеп тұрғанын мәлімдейді. Нәтижесінде көлік бақылауы инспекциясының қос бірдей қызметкері тергеу абақтысына қамалады. Ал қылмыстық іс материалдарында Әлімжановтың өздерінің «қамқоршыларына» желеп-жебегені үшін төлеуден бас тартқаны туралы жазбалар бар. Ол жедел уәкілдермен кездесуден жалтарып, телефон қоңырауларына жауап бермейді, бірақ бәрібір темір тордың ар жағынан шығады. Кінәсі күмәнді шенеунік бір жылдай түрмеде отырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегілердің Әлімжановтың кінәлі екеніне сенімді болғаны сондай, тіпті мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов 2018 жылдың күзінде инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен арнайы жиналыста оның есімін жария етіп, басшылыққа жаңа тағайындала салып, осындай жағымсыз істерге барған адам ретінде көрсетіп үлгерді.
Алайда сотта Әлімжанов толық ақталып шығады. Ол аз болса, Байқоңыр ауданының №2 соты прокуратураға Әлімжановтың қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғаны туралы жеке ұйғарым жолдаған. Мысалы қылмыстық іс материалдарында айғақ ретінде келтірілген Керімбеков пен Әлімжановтың ынтымақтастық орнату туралы айтылған әңгімесі жалған болып шықты. Жедел уәкіл Әбіловпен екеуара әңгімесін көпе-көрінеу бұрмалап, сотқа өтірік айғақ ұсынған!
Ал үшінші іс 15 мың теңге пара алды деген күдікке ілінген полицейдің басындағы оқиғамен байланысты. Ұлттық бюро ғимаратына жеткізілген күдіктіні тұтқындау туралы хаттама толтырып та әуре болмаған. Бірақ аса маңызды істер жөніндегі офицер Рүстем Ерланұлы тәртіп сақшысын абақтыға қамайды. Кейінірек оған Шыңғыс Мырзахметов келіп егер кінәсін мойнына алмаса, сотқа дейін тергеу абақтысына жауып тастайтынын, үйін тінтіп, бүкіл мүлкін тәркілейтінін, пара алып жатқанын көрсететін бейнежазбаны ақпарат құралдарына беретінін айтып полицейге қоқан-лоқы жасайды.
Бұдан соң тәртіп сақшысын еш негізсіз абақтыға қайта жабады. Адвокатпен тілдесуіне де мүмкіндік бермейді. Мұндай психологиялық қысымға шыдамаған ер адам өмірмен қоштаспақ болып, белдігіне асылып қалған. Белдіктің айылбасы сынып кетіп, соның арқасында бейбақ тірі қалыпты…
Бұл үш оқиғаның бәріне Шыңғыс Мырзахметов белсене қатысқан, сол себепті оған 362 (қызмет бабын асыра пайдалану), 146 (азаптау), 105 (өзін өлтіруге дейін жеткізу) және 416 (дәлелдер мен жедел іздестіру материалдарын бұрмалау) баптарымен айып тағылған.
Жедел уәкіл Бауыржан Керімбеков сот орындығына 362, 416 және 419 (жалған мәліметтер беру) баптары бойынша отырады. Оның әріптесі Ержан Жақыпов 362 және 416 баптарда көрсетілген қылмыстарға қатысты деп айыпталса, Рүстем Ерланұлы билігін, қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны үшін жаза арқалауы мүмкін.
Михаил КОЗАЧКОВ, Владимир Кадырбаевтың коллажы, Нұр-Сұлтан