Мемлекеттік үлгідегі диплом кімдерге берілмейді?

Биылдан бастап әрбір университет студенттің білім алғанын растайтын құжатты өз қалауы бойынша жасайды.

Алматы, NEGE. Ал жұмыс беруші өздері мойындамаған университеттің түлегін жұмысқа қабылдамауға қақы бар. Осы жерде білім ордалары арасында қызу бәсекелестік басталатыны анық. Көзге үйреншікті көк немесе озат оқушыға берілетін қызыл дипломдар енді болмайды. Түлектің жоғары білімді екенін растайтын құжаттың мазмұны, түсі мен көлемін университет басшылығы өзі таңдайды және жасайды. Бұл жоғары оқу орындарының арасындағы бәсекелестікті күшейту үшін жасалған. Десе де сарапшылар білім ордалары ашық бәсекеге дайын емес дейді.

Сарапшы Аятжан Ахметжанұлы: "Тең дәрежедегі университеттердің арасында бәсекелестік тудырады. Бірақ өңірдегі университеттер бәсекелесе алмайды. Кейбір өңірлік университетті сақтап қалу үшін арнайы сол университетке ғана грант бөлеміз. Ертең жаппай біртұтас грант бөліп, ашық бәсекеге қоя беретін болса ол университеттерді ешкім таңдамайды. Ал онда біз өңірлердің университетін жауып тастасақ, өңірлердің жабылуына келіп тіреледі" дейді. 

 Енді ашық бәсекелестік қалай жүретінін ашып айтсақ. Өзіндік үлгідегі дипломда Білім және ғылым министрлігінің мөрі болмайды. Сәйкесінше, жұмыс беруші компания кейбір білім ордасының дипломын мойындамауға құқығы бар. Яғни білім жүйесі нашар университеттің түлегін ешкім жұмысқа алмайды. Сондықтан абитуриент оқу орнын таңдағанда бір жапырақ қағаз үшін емес, оның мойындалуын және кейін жұмысқа орналасу жолдарын ескереді. Осылайша техникалық базасы және оқытушылар құрамы әлсіз университет ысырылып қала береді.

 Әділдіктің болғаны жақсы әрине. Бірақ оған қалай қол жеткіземіз. Бізде мемлекеттік үлгідегі құжаттың өзін қолдан жасап, сатқандар болды. Енді оны жасау құқығын оқу орындарының құзырына қалдырсақ және мемлекет тарапынан бақылау азайса, кей университеттер диплом сататын базарға айналмай ма?

Ал министрлік өкілдерінің айтуынша, жалған диплом жасау мүмкін емес. Біріншіден, әр университет құжаттың бланкасын қорғаныш белгілерімен жасайды. Екіншіден, әрбір құжат министрліктің бірыңғай реестіріне тіркеледі. Айта кету керек, өзіндік үлгідегі диплом жасау ішкі істер, қорғаныс және медицина университеттеріне қатысты емес. Сондай-ақ колледж түлектеріне де мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.

Қазір оқып жатыр

Алматыда жаппай төбелес кезінде екі оқушы көз жұмды

Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасына қаржы құйды

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы қос азаматтығы болғанын мойындады

Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамза көшеде еркін қозғалып жүр