30 января 2020 г. 14:02

Биыл банктен кімдер несие ала алмайды?

Фото:

Nege.kz порталы жаңа жылдан бастап банктен несие алудың қиындайтыны туралы жазған. Яғни, бұдан былай банк менеджерлері клиенттің төлем қабілетін мұқият тексеріп қана қоймай, борыш салмағының коэффициенті дейтін шаманы есептеуге міндеттелді.

Осы мәселеге қатысты Халық банкке жолдаған ресми сауалымызға төмендегідей жауап келді.  

– Жаңа жылдан бастап банктерден несие алу қиындайтыны айтылды. Несие бергенде банк қандай критерийлерді негізге алады?

– Банктің атқаратын барлық қызметі ҚР заңнамасы шеңберінде жүзеге асады. Қазіргі таңда Халық банктен кредит алу шарттарына ешқандай өзгеріс енген жоқ. Қарыз берудің басты талаптары әдеттегідей клиенттің төлем қабілеттілігі мен несиеге қабілеттілігі бірінші кезекке қойылады. Яғни, төлем қабілеттілігі деп отырғанымыз кредитке өтінім берген сәтте, сондай-ақ оған дейін 6 ай көлемінде тұрақты табысының болуы, ал несиеге қабілеттілік дегеніміз атаулы өнім бойынша алғышарттарды орындау және қарызды қайтару қабілеті. Яғни клиенттің бұрын алған кредиті бойынша қарыздың уақытылы өтелуі. Айта кетейік, банк клиенттеріне қарызды ресімдеу процесі неғұрлым ыңғайлы болу мақсатында қосымша қызмет енгізуде. 

– Қандай әлеуметтік топ несие ала алмайды?

– Жоғарыда атап өткендей, төлем қабілеттілігі мен несиеге қабілеттілігі бойынша талапқа сай келмейтін клиенттерге кредит берілмейді. Яғни, тұрақты жұмысы немесе ресми табысы жоқ азаматарға және бұрын ресімдеген кредиті бойынша өтелмеген қарызы болса немесе қарызды үнемі 90 күннен артық кешіктіріп қайтарған азаматтарға насиет беруден бас тартуымыз мүмкін. Айта кетейік, банктен несие алуға өтінім берген әрбір клиенттің өтінімі жеке қаралады.

Қарыз салмағының коэффиценті деген не?

Несие бойынша қаржылық жүктеме деңгейі, қарыз алушының кірісіне қатысты міндеттемелер шамасы. Яғни клиенттің табысын ескере отырып, ай сайын қандай соманы нақты өтей алатынын анықтау.

– 150 мың теңге алатын отағасының таза кірісі 37 мың теңге десек, бұл отбасы ай сайынғы төлемі осы сомадан аспайтын несиеге ғана өтініш бере ала ма?

– Банк клиенттің ай сайын ресми растай алатын табысын ғана есептейді. Несиеге өтінім берушінің ай сайынғы табысы 150 мың теңге болғанымен, оның тек 37 мың теңгесі ғана ресми расталған болса, бұл жағдайда банк үшін клиентің табысы тек 37 мың деп есепке алынады. Дегенмен, банк клиенттің отбасы мүшелерінің саны және олардың күнкөріске жұмсалатын қаражатын және несиені өтеуге берілетін соманы есепке ала отырып, нақты жауап береді. 

Жұмыссыздар мен ай сайынғы табысын ресми түрде дәлелдей алмайтындарға банк несие бере ме?

– ҚР заңнамасы талаптарына сәйкес, банк ресми табысы жоқ клиенттің төлем қабілеттілігін дұрыс, нақты бағалай алмайды. Сол себепті тәуекелдерді ескере отырып, қарыз беруден бас тартады.

Биыл жазда өткен несие амнистиясы барысында үкімет өзі белгілеген 6 әлеуметтік санатқа жататын азаматтар борышының бір бөлігін өтеп берді. Соның ішінде Халық банк болды ма?

– Үкімет борышкер азаматтардың несие қарызын өтеу кезінде Халық банк клиенттері де қатысты. Дегенмен, олардың саны және өтелген несиенің жалпы саны туралы мәліметті мемлекеттік мекеме, яғни атаулы науқанды жүзеге асырған ұйымнан білуге болады.

P.S. Несиесін уақытында төлемейтіндер үшін жаңа талап пайда болды. Бұл өзгерістер «Банк және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» заңдарға енгізілді. Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың несие бойынша қарызы 90 күннен асып кетсе де, комиссия есептемейді.

Тегтер: