Биыл Мәскеудегі Жеңіс парадына мемлекет басшыларынан кімдер қатысады?
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай Мәскеуде өтетін парадқа бірнеше шетелдік көшбасшы қатысады.
Астана, NEGE. Кремльдің ресми сайтында қатысушылардың тізімі жарияланды. Олардың қатарында Абхазия президенті Бадра Гунба, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Малайзияның Жоғарғы билеушісі сұлтан Ибрагим және Словакия премьер-министрі Роберт Фицо бар. Сондай-ақ тізімде Оңтүстік Осетия және Сербия республикаларының өкілдері бар.
Алайда бұл тізімде әзірге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да, Орталық Азия елдерінің өзге көшбасшыларының да есімі жоқ. Бұған дейін Тоқаевтың 9 мамырдағы шараларға қатысуы мүмкін екені хабарланған еді.
Путиннің көмекшісі Юрий Ушаковтың журналистерге мәлімдеуінше Ресей биыл шетелдік қонақтарға арнайы шақырту жолдамаған. Кейбір шетелдік қонақтар Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына қатысуға өздері ниет білдірген.
Оның айтуынша, биылғы парадқа шетел мемлекеттерінің әскери атташелері де шақырылған.