31 декабря 2025 г. 9:32

Бибісара Асаубаева «Барыс» орденімен марапатталды

Фото: instagram.com/bibisaraches

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Дохада өткен чемпионатта блиц бойынша үш дүркін әлем чемпионы атанды. 

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

«Бибісара Асаубаева Қазақстаннан шыққан блицтен үш дүркін әлем чемпионы және майталман шебер ретінде дүниежүзілік шахмат тарихына енді. Қазақстандық шахмат қауымдастығы мемлекетіміздің көк туын жаһандық аренада биік желбіреткен отандасымыздың жеңісін мақтан тұтады. 

Бибісара Асаубаеваның халықаралық жарыстардағы айтулы жетістіктері мен ел шахматын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым», – делінген құттықтауда.

Бибісара Асаубаева 2021 және 2022 жылдары да блиц бойынша әлем чемпионатында жеңіске жеткен, сонымен қатар рапид бойынша әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған.

Биыл қазақстандық шахматшы FIDE Grand Swiss турнирінде қола медаль жеңіп алып, халықаралық гроссмейстер атанды.