5 мая 2025 г. 16:22

Беттестіруде Қаржаубай Нұрымов «Делайте!» деп бұйрық берген «Чиканың» куәгер Самат Абдықадыр екенін көрсеткен

Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.

Алматы, NEGE. Сотта түске дейін куәгерлерден жауа алынды. Сонымен қатар марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзін және інісі Шерзатты кім пышақтағанын айтып, айғақ бернен видеосы көрсетілді.

Естеріңізде болса, өткен сот отырысында Нұрғанат Ғайыпбаевтың жауап алу хаттамасындағы жауабында төбелес кезінде «Чика» деген әлдебіреудің «Делайте!» деп бұйрық бергенін айтқан еді.

«Сол кезде «Чика» деген Accent-тен түскен жігіт менімен амандасты. Мен оған: «Сенің түрің таныс қой», – дегенде ол мен бетіме қарап: «Мен шалмын ғой», – деді. Мен оған ары кетсе отызда шығарсың дедім. Ол күлді. Дүкенге қарай беттеп, дүкеннің есігін ашып, артындағы жігіттерге: «Делайте!», – деп айтып, ары қарай кіріп кетті», – деген Ғайыпбаев жауап беру хаттамасында.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев «Чиканың» іс бойынша куәгер екенін меңзеген-ді.

Ал сотта куәгер ретінде жауап берген Қалиахмет Дидардың бөлесі Самат Абдықадырдың жауабы Нұрғанат Ғайыпбаевтың жауабына сәйкес келген болатын.

«3 қазан күні мен, Қалиахмет Дидар, Мұратов Дәулет үшеуміз моншадан шыққан болатынбыз. Моншадан шығып, бірден дүкенге кірдік. Ол жерде бір топ бала тұрды. Жарық беретін прожектор бізге түсіп тұрды, сондықтан ол жердегі адамдарды байқамадық. Марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев: «Ерегеске келдіңдер ме?», – деп сұрады. Мен: «Жоқ, не істейміз оны? Біз шалмыз ғой, көлікке келдім», – деп жауап бердім. Нұрқанатты сол күні бірінші рет көрдім.

Бүгінгі сот отырысында Қаржаубай Нұрымов пен Самат Абдықадырдың тергеу кещіндегі беттестіру видеосы көрсетілді.

Видеода Қаржаубай Нұрымов Самат Абдықадырды оқиға орнынан көргенін растайды.

«Дүкеннің алдында төбелес болмастан бұрын Нұрбол, Дархан деген жігіттер осы жігіттерді шақыра бастады. Сол кезде дүкен алдына екі автокөлік келіп тоқтады. Бұлар сол көліктерден түсті. Мұның аяғында қызыл галош болды. Үстінде капюшоны бар киім болған, бірақ ол капюшонын кимеді. Жанында жас жігіт және сақалы бар жігіт болды. Бұлар Accent-тен түсіп «кабандағы» жігіттермен амандасты. Сосын Нұрғанат екеуі бір-бірімен «бір жерден көрдім ғой» деп сөйлесті. Мен дүкеннің алдында тұрдым. Нұрқанат екеуі тұрғанда мұның аузынан «мен төбелеспеймін ғой» деген сөз шықты. Қай жылғысың дегенде «Шалмын» ғой деді. Төбелеспеймін, мен үшін жастар, жігіттер төбелеседі деді. Оның барлығын Нұрқанатқа айтты. Нұрқанат бәрі дұрыс па деді. Сол жерде «Делайте!» деген әңгімені осы айтты. Сол сөз осы жігіттің аузынан шықты», – дейді Нұрымов беттестірудегі видеода.

Самат Абдықадыр жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың беттестіру кезіндегі жауаптарымен келіспейтінін айтқан. Себебін ол былай түсіндіреді:

«Біз дүкеннің алдына тоқтадық. Сол кезде ең бірінші маған амандасқан жоқ. Ең бірінші болып Дидарға амандасты, сосын ғана маған амандасты. Мен сол кезде бұл кісіні көрмедім, нақтырақ айтқанда байқамадым. Нұрғанатпен сөйлескеннен кейін дүкенге кіріп кеттік. Дүкенде Дидар екі сыраны алып, қойып жатқан кезде жоқ екен. Дидар есікті ашқанда біреу кіріп қалды. Ол жігіттің кім екенін білмедім. Сол кезде осы кісі кірді. Мен темекі алайын деп, қалтамнан ақша шығарып, төлейін деп жатқан кезде, сырттан «гүрс» еткен дыбыс естілді. Сол кезде аға (Қаржаубай – ред) бізді «шығыңдар» деп қуып шықты».

Сонымен қатар беттестіру кезіндегі видеода Самат Абдықадыр «Делайте!» деп айтқан жоқпын дейді.

«Мен «Делайте!» деп мүлдем айтқан жоқпын. Себебі, мен ол адамдарды танымаймын. Камерадан қарасаңыздар болады, біз дүкеннің ішінде тұрған кезде «кабан» келіп, біздің артымызға қойып кетті. Мен ол жігіттермен амандасқан жоқпын. Олардың ешқайсысын танымаймын» – дейді Самат Абдықадыр видеода.

Қаржаубай Нұрымов Самат Абдықадырдың жауаптарымен келіспеді.