«Бетіңді тіліп тастаймын»: Алматыда пышақ ұстаған балалар тұрғындарды қорқытқан

Алматыда пышақ ұстаған балалар басқа жеткіншектерге қоқан-лоқы көрсеткен. Полиция төрт баланың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартты.

threads.com/@saidalimovna

Астана, NEGE. Әлеуметтік желідегі @zhaloby_almata парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқиға Шевченко көшесіндегі Ганди саябағында болды. Куәгерлердің айтуынша, шамамен 12–13 жастағы бала жиналмалы пышақ ұстап, басқа баланың соңынан жүгірген. Оған қоса, бетін тіліп тастаймын деп қорқытқан.

Ескерту жасалғаннан кейін жеткіншек пышағын біраз уақытқа жасырған. Алайда кейін қайта шығарып, басқа балаға да қоқан-лоқы көрсеткен.

Алматы қалалық полиция департаменті  кәмелетке толмаған төрт баланы анықтап, барлығын полиция бөліміне жеткізген.

«Балалардың барлығы Алматы қаласындағы әртүрлі жалпы білім беретін мектептерде оқиды. Олар өз әрекеттерін ойын ретінде түсіндірген. Балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар мектепішілік есепке қойылды», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған отбасыларды бақылау уәкілетті органдардың назарында болады.

Полиция ата-аналарды балаларының бос уақытын қалай өткізетініне, араласатын ортасына және қоғамдық орындардағы мінез-құлқына көбірек көңіл бөлуге шақырды.