6 марта 2026 г. 13:25

Берілмеген бақ. Проблемалық кредиттер қоры НЕГЕ Ақорданы алаңдатып отыр?

Фото: Фото: Nege.kz

«Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамының нағыз проблемалары Дәулет Бақберген басқарған 2019 жылдан бастау алған. Сол жылы компания 102 миллиард теңге шығын көрсетіп, капиталының теріс мәні, яғни минусы 716 миллиард теңгеге жетті.

Аталған кезеңде қордың активтері 454 миллиард теңгеге тартса, міндеттемелері 1,16 триллион теңгеге өсіп кеткен. Мұндай минустың негізгі себебі - проценттік шығындардың 90 миллиард теңгеден асуы мен кредиттік шығынның 42 миллиард теңгені көрсетуі болды.

Фото: "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ 2019 жылғы шоғырландырылған есебі

Бастысы, Дәулет Бақберген басқарған 2018 жылдың қазан айы мен 2019 жылдың сәуір айы аралығында Проблемалық кредиттер қоры Цеснабанкті құтқару үшін 604 миллиард теңге жағып жіберген. Бұл - банкті құтқару операциясының екінші траншы болатын. Оның аясында банктің субординацияланған облигациясы 604 миллиард теңгеге сатып алынды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен ақпан айында Дәулет Бақбергенді ұстағаны туралы хабарлаған еді. Тергеу материалдарына сәйкес, ол жеке меншік иесіне кепіл мүлкін сатудан түскен, Проблемалық кредиттер қорына міндетті түрде аударылуға тиіс қаражатты өзінде қалдыруға заңсыз мүмкіндік берген. Соның салдарынан мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде залал келген.

Фото: Nege.kz

Онымен бірге, ҰҚК таққан айып бойынша Дәулет Бақберген мемлекеттік мүлікті төмендетілген бағамен сатып, нәтижесінде бюджет 1,3 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылған. Анық-қанығы мен жазасы бойынша нақты шешімді сот айтатын болады.

Дәулет Бақберген Проблемалық кредиттер қорында басшы болып ұзақ отырмады. Цеснабанкке қажетті траншын шығарып бергеннен кейін, 2019 жылдың сәуір айында кетіп қалған. Одан кейін компанияны қаржыгер Ержан Елшібаев 2024 жылға дейін басқарды. Екі жыл бұрын оны басшы лауазымында Қалилолла Абдуллаев алмастырды.

Фото: Nege.kz

Шынын айтсақ Проблемалық кредиттер қорының жағдайы қазір де мәз емес. 2025 жылдың аудиттелген есебі шыққан жоқ. Бірақ 2024 жылы қор өзінің таза кірісін 5 есе құлдыратып алған еді. Нәтижесінде тек 4 миллиард теңге пайда көрсетті. Мысалы, оның алдындағы 2023 жылы компанияның кірісі 22 миллиард теңгедей болған еді.

2025 жылдан да жақсы нәтиже күтіп отырған жоқпыз. Сарапшылар күтіп отырған аудиттелген есеп осы болжамды растайтын сияқты.