Бердімұхамедов Тоқаевқа Ақалтеке арғымағын сыйлады

Түрікменстанға мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Гурбангулы Бердімұхамедовпен бірге Ахалтеке жылқысына арналған кешеннің ипподромын аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Нұр-Сұлтан, NEGE. Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің шақыруы бойынша мемлекеттік сапармен Ашхабадқа келді.

Сапар барысында екі ел делегациясының шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері өтеді. Тараптар қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігінің жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық мәселелерді қарастырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Гурбангулы Бердімұхамедовпен бірге Ахалтеке жылқысына арналған кешеннің ипподромын аралап көрді. 

Мемлекет басшысына Түрікменстан Президентінің арғымақ аттары көрсетілді. Іс-шара барысында құрметті қонақтар шабандоздардың өнерін тамашалады. 

Ашхабадтағы жылқы кешенін аралап көру барысында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа асыл тұқымды Ақалтеке арғымағын сыйлады.

Бұдан бөлек, еліміздің басшысына түрікмен тазысының күшігін сыйға тартты.