Бердібек Сапарбаев ГФР Бас консулымен кездесті
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Алматы қаласындағы Германия Федеративтік Республикасының Бас консулы Кристиана Маркертпен кездесті. Жүздесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Алматы, NEGE. Кристиана Маркерт Қазақстанда өткен жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеуде. Бас консулдың Жамбыл облысына сапары бірнеше ай бұрын жоспарланған, бірақ індет оған жол бермеді. Оның айтуынша, соңғы бес – жеті жыл ішінде Германияның Бас консулдығының бірде-бір өкілі Жамбыл өңіріне келмепті.
«Маған Тараз қатты ұнады. Жамбыл облысының немістер қоғамымен танысу ерекше әсер етті. Немістердің өздерін Қазақстанда қалай еркін сезінетіндігі, ана тілінде сөйлеп, мәдениетін сақтай алатындығы мені қуантты», – деп атап өтті Бас консул.
Облыс әкімі Германия мен Жамбыл кәсіпкерлерінің жемісті ынтымақтастығын атап өтті.
«Өңірлер біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосуда. Әсіресе, экономика, инвестициялар тарту салаларында. Бүгінде біздің облыста Германияның екі компаниясы жұмыс істеуде. «Monterro Qazaqstan« ЖШС қымбат металдарды өндірумен айналысады. Инвестиция көлемі – 600 миллион еуро. Компания облыс аумағында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Алайда әзірге құжаттарға қатысты жұмыстарда біршама қиындықтар туындауда. Бұл бойынша мен Қазақстандағы Германия Елшісіне тиісті құжаттаманы ресімдеу бойынша көмек сұрап жүгіндім. Тағы бір неміс компаниясы биогаз қондырғыларымен айналысуда», – деді облыс әкімі.
Кристиане Маркерт көптеген елдердің экономикасына айтарлықтай соққы болған пандемияның аймақ экономикасына қалай әсер еткенін сұрады. Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, коронавиурус індеті айтарлықтай залал әкелмеген.
«Пандемияға қарамастан экономика өсімі өткен жылмен салыстырғанда 100,5 процентке қамтылды. Жұмыс орындарын жаппай қысқарту, жалақыны кешіктіру деректері болған жоқ», – деп атап өтті аймақ басшысы.