Берденов сотталушыны оқ атуға Шымкент әкімі тапсырыс берді деп айтуға мәжбүрледі ме?
Естеріңізде болса, «Тұрғын Үй Шымкент» компаниясының бұрынғы басшысы Ернар Жиембай сотта алдын ала тергеу барысында өзін Руслан Берденовтің қала әкіміне қарсы жалған куәлік беруге мәжбүрлемек болғанын мәлімдеген еді.
Алматы, NEGE. Оның сөзінше, Ғабит Сыздықбеков өз орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасауды «тапсырған» деген айып тағуға итермелеген. Осылай десе, Берденов оған «барлық мәселені шешіп беруді» уәде еткен.
Руслан Берденов бұл айыптауларды жоққа шығарды. Соған қарамастан Nege.Aqsha Сыздықбековке ресми сауал жолдап,төмендегі сұрақтарды қойды:
1. Сіз, Ғабит Әбдімәдитұлы, Ернар Жиембайға Руслан Берденовке оқ атуға немесе өзге жолмен зиян келтіруге тапсырма бердіңіз бе?
2. Ернар Жиембайдың мәлімдемелеріне қатысты Руслан Берденовпен сөйлестіңіз бе?
3. Сіздің Руслан Берденовпен және Ернар Жиембаймен қандай қарым-қатынастасыз?
Алайда әкімдік бұл сұрақтарға нақты жауап бермеді.
«Сотта Руслан Берденовке қастандық жасау ісінің қаралып, процесс аяқталды. Десе де, қазіргі сәтте аталған сот процесіне тікелей немесе жанама қатысы бар сұрақтарға түсініктеме немесе пікір білдіре алмаймыз», — делінген ресми жауапта.
Естеріңізге сала кетейік, Ернар Жиембай Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасамақ болғаны үшін 9 жылға сотталды.
Ол басқарған коммуналдық кәсіпорын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша 2023 жылы – 1 млрд теңге, 2024 жылы – 1,4 млрд теңге, ал 2025 жылы – 1,9 млрд теңге алғаны белгілі болды.
Әлеуметтік желілерде қақтығыс Жиембайдан осы миллиардтардың есебін сұрағаннан кейін өршіді деген пікір жазылуда.
Мемлекеттік ішкі аудит департаменті компанияға тексеріс жүргізу туралы сұрау жолдады. Аудит жұмыстың сапасын, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін және қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексеретін болады.