Берденов ісі: Прокурор айыпталушыны 11 жыл 3 айға соттауды сұрады
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сотта тараптардың жарыссөзі басталды.
Алматы, NEGE. Мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Қараманов Руслан Берденовке шабуыл жасаған Ернар Жиембайға 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Айыптаушының айтуынша, Жиембайдың әрекетін жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған балаларының болуы ескеріліп отыр. Ал ауырлататын мән-жай – қылмысты масаң күйде жасағаны. Медициналық сараптама қорытындысы да сотталушының жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсеткен.
– ҚР ҚК 99 бабының 1 бөлігіне сәйкес, адамды қасақана өлтіру қылмыстық әрекеті үшін 8-15 жылға дейін мерзімде бас бостандығынан ауыру жазасы көзделген. Алайда Жиембайдың жасаған қылмысы қасақана өлтіруге оқталу деп айып тағылып отыр. Яғни, ҚР ҚК 24 бабының 3 бөлігі арқылы. Ал, ҚР ҚК 56 бабының 3 бөлігіне сәйкес қылмысқа оқталғаны үшiн жазаның мерзiмiн немесе мөлшерiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында аяқталған қылмыс үшiн көзделген жазаның негізгі түрiнің ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң төрттен үшінен асыруға болмайды. Сотталушы Жиембайға тағылған айып бойынша осы жазаның ең көп мөлшері 15 жыл болғандықтан, оның төрттен үш бөлігі 11 жыл 3 айды құрайды. Жоғарыдағыларды ескере отырып, сотталушы Жиембайды, аса ауыр қылмыс жасаған, яғни адамды өлтіруге қасақана оқталғаны сотта өз дәлелін тапты деп есептеп, сотталушы Жиембайды ҚР ҚК 24 бабының 3 бөлігі, 94 бабының 1 бөлігімен кінәлі деп танып, осы баппен оған 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын, – деді прокурор.
Сонымен бірге айыптаушы Жиембайдан жәбірленушілерге 30 АЕК (118 890 теңге) өндіруді сұрады.