Берденов ісіндегі судья сот отырысында журналистерге тілін шығарып, оғаш қылық көрсетті (видео)
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша өткен сот отырысында істі қарап жатқан судья Әбінұр Қарабаев сотта оғаш қылық жасады. Ол видео түсіріп отырған журналист Ботагөз Омароваға тілін шығарып, оғаш қылық көрсеткен.
Алматы, NEGE. Журналист аталмыш видеоны өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
«Менің журналистік тәжірибемде талай нәрсе болды, бірақ судьяның тіл шығарып көрсеткенін алғаш көруім», - деп жазды ол.
Журналист Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша өткен сот процесінде төрағалық етіп отырған судья Әбінұр Қарабаевтың қылығының себебін бірнеше нұсқамен түсіндірді:
1. Судья Қарабаев Шымкентте астаналық журналисті алғаш рет көріп тұр.
2. Судья Қарабаев нағыз тик-токер, сондықтан трендке ілесті.
3. Мен керемет әйелмін, бәрін таңғалдырамын, судья Қарабаев та одан тыс қалған жоқ.
«Айтпақшы, Тибетте тіл шығару – сәлемдесу белгісі екен. Интернетте: «Тибеттіктер жынның тілі жасыл болады деп есептейді екен. Сондықтан өзінің жын-шайтан еместігін дәлелдеу үшін тіл шығарады», - делінген. Бәрі жақсы ғой, достар. Бірақ мен Тибетте емес, Шымкенттемін. Сондықтан судья Қарабаев мұнымен не айтқысы келгенін ойлап, басым қатты. Оған айта салыңыздаршы, мен оның жын-шайтанмен араласпайтынына сенемін», – дейді журналист.