Белгісіз меценат талдықорғандық жас домбырашының миллион теңгеге жуық несиесін жауып берді

Әлеуметтік желіде Ксения есімді қыздың домбырамен күй орындаған видеосы тарағаннан кейін, аты-жөні белгісіз азамат қыздың несиеге алған аспабының құнын толық өтеп берген.

Видеодан үзінді/Эмин Хаджиевтің Instagram-парақшасынан

Астана, NEGE. Ксения – бірнеше жылдан бері музыкамен кәсіби түрде айналысып, түрлі байқауларға қатысып жүрген жас өнерпаз.

Ксенияның көшеде домбыра ойнағанын Эмин Хаджиев есімді блогер байқап, онымен әңгімелесіп, күй орындауын сұраған. Әңгіме барысында қыз домбыраның бағасы миллион теңгеге жуық болғанын, анасы аспапты сатып алу үшін несие алғанын айтқан.

Осы кездесуді видеоға түсіріп, желіге жариялағаннан кейін Ксенияның өнері көпшіліктің назарын аударды. Желі қолданушылары жас домбырашыны қолдап, отбасының қарызын жабуға көмектесуді ұсынған.

Эмин Хаджиевтің айтуынша, видео жарияланған соң оған бейтаныс адамдар хабарласып, Ксенияның отбасымен байланысуға көмектесуін сұраған. 

«Қыздың кредитін жауып тастады. Оны кім өтегенін айта алмаймын, себебі аты-жөнін жарияламауды өтінді», – деді блогер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ блогер Ксенияға ұлттық нақыштағы көйлек тігіліп жатқанын да хабарлады.

Бұдан бөлек, блогердің айтуынша, Ксения бұрын қазақ тілін үйрену үшін курсқа барған, бірақ белгілі бір себептермен оқуын тоқтатуға мәжбүр болған. Эмин Хаджиев қайырымды жандарды жас домбырашының қазақ тілін әрі қарай үйренуіне қолдау көрсетуге шақырды.