Белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай өмірден озды
Қазақ журналистикасы үшін қаралы күн. Ақпарат саласы қайғылы қазаға душар болды.
Алматы, NEGE. 70 жасқа қараған шағында Радио және телевизия саласының ардагері Әбдірәлі Бөлебай дүниеден озды, деп хабарлайды «Хабар 24». Қазақ журналистикасының дамуына зор үлес қосып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған майталман маман, белгілі диктор өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында қызмет атқарды.
Телевизияның қара нары атанып кеткен Әбдірәлі Бөлебай ағамыз Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Ерназар ауылының тумасы. Ол бар ғұмырын теле-радио саласына арнаған. Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында режиссердың көмекшісі болып бастады. «Хабар», «Қазақстан» арналары мен Қазақ радиосында елді ерекше баураған диктор болды. Теле-радиода дикторлық өнердің қыр-сырын терең меңгерген, дауыс үні өзгеше, шеберлігі толысқан білікті маман бола тұра, өзінен кейінгі ізбасарларына өмірлік сабақ бере білді.
Әбдірәлі Бөлебай журналистиканың дамуына зор үлес қосып, өзіндік үні мен қолтаңбасын қалдырды. Ағамыз Қазақ телевизиясы мен радио тарихынан ойып тұрып орын алды. Әріптестері оның оқыған телерадио хабарларынан өзгеше бір тыныс лебі есетін, деп еске алады.
Оның әуезді үні Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Кез келген ақпараттың шырайын шығарып оқитын Әбдірәлі ағамыздың бейнесі көзі қарақты көрерменнің жадында мәңгі қалары сөзсіз.