Бектенов Түркістан облысында бұлақ көзін тазартып, ағаш отырғызды
Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылындағы «Ақ-Ата» бұлағын тазарту және абаттандыру іс-шараларына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Астана, NEGE. Премьер-министр жергілікті тұрғындармен бірге тарихы XVII–XVIII ғасырлардан басталатын бұлақ көзін тазартып, айналасына ағаш көшеттерін отырғызды.
Бұл ретте премьер-министр Президенттің табиғатқа ұқыпты қарау жөніндегі бастамасы Конституция деңгейінде бекітілгенін атап өтті.
«Мемлекеттің міндеті – адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру. "Таза Қазақстан" бастамасы қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіре отырып, жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Бұл – нәтижелі, жасампаз патриотизмнің айқын үлгісі. Бүгінгі таңда акция тек сенбіліктермен және ағаш отырғызумен шектелмейді. "Мөлдір бұлақ" бастамасы табиғи бұлақтар мен су айдындарын қамти отырып, аясын кеңейтуде, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесінің маңызын жалпы қоғамдық деңгейде көтеріп отыр», – деді Олжас Бектенов.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков алдағы уақытта өңір бойынша 1,5 мыңға жуық бұлақ көзін тазарту жоспарланып отырғанын айтты.
Жалпы, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы биыл 23 наурызда басталды. Бірінші кезеңде тазарту және абаттандыру жұмыстары еліміздің алты өңірінде – Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарында және Шымкент қаласында орналасқан 29 бұлақты қамтиды. Екінші кезең осы жылдың сәуір айына жоспарланған.