Бектенов сұйытылған газ өндірісі бойынша жоспар әзірлеуге бір ай уақыт берді

Қазақстанда сұйытылған мұнай газына, әсіресе, оны шикізат ретінде пайдаланып отырған өндірістер тарапынан сұраныс артып келеді.

qazoil.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Осы ретте Үкімет басшысы Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясына нақты міндеттер жүктеді.

«Сұйытылған мұнай газы нарығындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Отынның бұл түрін шикізат ретінде пайдаланып отырған өндірістердің дамуына байланысты оған деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Энергетика министрлігіне "ҚазМұнайГаз" компаниясымен бірлесіп, бір ай мерзімде сұйытылған газ өндіру көлемін арттырудың нақты жоспарын ұсынуды тапсырамын. Сонымен қатар өңірлер арасында, сондай-ақ өңірлер ішінде газ көлемін бөлудің ашық тетігін енгізу қажет», – деп тапсырды Олжас Бектенов.

Сондай-ақ премьер-министр газ саласындағы баға белгілеу тәсілдерін жаңарту қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, газ саласында қолданыстағы баға белгілеу моделі оның дамуын тежемеуі керек. Осыны айта келе, Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Энергетика министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, екі ай ішінде газ саласындағы жаңа тарифтік саясат бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.