Бектенов «Самұрық-Қазына» басшылығын ірі жобаларды кешіктіргені үшін сынға алды

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес компанияларының басшыларына ескерту жасады. Бұған бірқатар инвестициялық жобаның белгіленген мерзімде аяқталмауы себеп болды.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Қордың директорлар кеңесінде 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысы қаралды. Осы кезеңде қордың кірісі 13%-ға, ал таза пайдасы 19%-ға өскен.

Қазір «Самұрық-Қазына» жалпы құны 43,8 трлн теңге болатын 69 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның 44-інде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Алайда кейбір жобалар жоспардан кешігуде. Осыған байланысты Бектенов Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұздағы электр энергиясын өндіретін нысандардың, сондай-ақ газ өңдеу зауыттарының құрылысын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Бұдан бөлек, қор биыл тоғыз айда қазақстандық компаниялардан 1,4 трлн теңгеге тауарлар мен қызметтер сатып алған. Бұл былтырғыдан 45%-ға көп.

Премьер-министр отандық өндірушілердің мемлекеттік жобаларға қатысу үлесін одан әрі арттыруды тапсырды.