Бектенов Ресейдегі конференцияда Қазақстанның Ұлы дала мен Алтын Ордаға қатысты тарихи ұстанымын айтты

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Санкт-Петербургте өткен мәдени байланыстарды нығайту, креативті және шығармашылық индустрияларды дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның пленарлық отырысында сөз сөйледі.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Жиынға Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов және Түрікменстанның білім министрі Джумамырат Гурбангелдиев қатысты.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстан мәдениет пен шығармашылық саланы қолдауды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастыратынын айтты. Оның айтуынша, креативті индустриялар мен мәдени байланыстарды дамыту ТМД елдерінің күн тәртібіндегі өзекті бағыттардың бірі болып отыр.

Премьер-министр Қазақстанда жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданғанын және оның 1 шілдеден бастап күшіне енетінін атап өтті.

«Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өткім келеді. Мамыр айында Астанада өткен «Алтын Орда» дала өркениетінің моделін зерттеуге арналған халықаралық симпозиум маңызды оқиға болды, оған әлемнің 20-дан астам елінің тарихшылары мен мәдениеттанушылары қатысты», – деді Олжас Бектенов.

Қазір Қазақстанда креативті индустрия 40-тан астам қызмет түрін қамтиды. Бұл салада 150 мың адам жұмыс істейді. Соңғы жылдары креативті сектордағы жалпы қосылған құн көлемі төрттен біріне өсіп, 3 млрд долларға жеткен.

Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД елдерінің креативті индустриялар қауымдастығын құру туралы бастамасына да тоқталды. Оның сөзінше, бұл формат бірлескен жобаларды іске асыруға, тәжірибе алмасуға және креативті өнімдерді ілгерілетуге жол ашады.

Премьер-министр жасанды интеллект шығармашылық индустриялар үшін де маңызды құралға айналып келе жатқанын айтты. Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған. Бектеновтің сөзінше, жасанды интеллект контент жасау тәсілдерін өзгертіп, мәдени өнімдерді ілгерілетудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.

Ол мысал ретінде AI-технология арқылы бейне генерациялау саласында жұмыс істейтін қазақстандық Higgsfield компаниясын атады. Бектенов бұл стартап қазақстандық мамандардың технологиялық нарықта жаңа тренд қалыптастыра алатынын көрсетіп отыр деді.

Сонымен қатар премьер-министр Қазақстанда мәдени мұраны цифрландыру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Елде тарихи нысандардың цифрлық көшірмелерін жасауға арналған ұлттық платформа іске қосылған. Жобаға Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы шатқалының петроглифтері, Маңғыстау облысындағы жерасты мешіттері және басқа да тарихи-мәдени ескерткіштер кіреді.

Бектеновтің айтуынша, E-Museum платформасына 300 мұражай қосылған, ал цифрлық каталогқа ондаған мың экспонат енгізілген. Сонымен бірге «Қазақ киносының алтын қорын» қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы жылдары өткен ғасырда түсірілген 43 фильм цифрлық форматқа көшірілген.

Премьер-министр цифрландыру мәдени және тарихи нысандарға қолжетімділікті арттырып, шекараға қарамастан миллиондаған адамға жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен бірге көрмелер, фестивальдер, гастрольдік алмасулар және мәдениетаралық диалог ТМД аясындағы ынтымақтастықтың маңызды бөлігі болып қала беретінін айтты.