Бектенов ҚТЖ-ның жаңа басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейтуді тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ұжымына компанияның басқарма төрағасы болып тағайындалған Ерсайын Нағаспаевты таныстырды.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Нағаспаев бұл қызметке «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Елжас Отынышиев пен «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақұповтың сыбайлас жемқорлыққа күдікпен ұсталуынан кейін тағайындалып отыр. 

Ұжымға жаңа басшыны таныстыра отырып, Олжас Бектенов ұлттық компаниядағы кадр мәселесін ретке келтіру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жеке тоқталып өтті.

«Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек. Қызметкерлердің басым бөлігі адал және жауапты адамдар екеніне сенімдімін. Үкіметтің, салалық министрліктің және "Самұрық-Қазына" қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жеткілікті. Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет», – деді премьер-министр.

Ерсайын Нағаспаев компания жұмысымен жіті таныс деуге болады, өйткені ол Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарғанға дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында топ менеджер болған.

Премьер-министр ҚТЖ-ның жаңа басшысына бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, көлік-логистикалық әлеуетті одан әрі кеңейту, транзиттік тасымал көлемін арттыру, теміржол инфрақұрылымын дамыту және компания қызметінің тиімділігін жақсарту.

Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерінің, ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі құрылысын аяқтау тапсырылды.