Бектенов ҚТЖ басшысына ескерту жасады

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновке транзиттік тасымал көрсеткіштерінің төмен болуына байланысты ескерту жасады.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Үкімет басшысының айтуынша, ұлттық компания транзиттік жүк тасымалы жоспарын 30 пайызға орындай алмаған. Жоспарланған 23 миллион тоннаның орнына небәрі 16 миллион тонна жүк тасымалданған.

«Талғат Сағиұлы, сіздің алдыңызда транзит көлемін 55 миллион тоннаға жеткізу міндеті тұр. Алайда мендегі ақпаратқа сәйкес, жоспарлы көрсеткіштен 30 пайызға артта қалып келесіздер. 23 миллион тоннаның орнына ҚТЖ небәрі 16 миллион тонна тасымалдаған. Бекітілген көрсеткіштердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – сіздің жеке жауапкершілігіңіз», – деді Бектенов.

Сондай-ақ премьер-министр өңір әкімдеріне теміржол нысандарын жаңғырту жұмыстарын тікелей бақылауға алуды тапсырды. Жаңартылып жатқан 30 вокзал алғашқы жолаушыларын 1 шілдеде қабылдауы тиіс. Ал Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы вокзалдарды жөндеу жұмыстары 1 қазанға дейін аяқталуы керек.