Бектенов ферроқорытпа зауытындағы апатты тергеуді жеке бақылауына алды

Олжас Бектенов Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы ТЖ салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.

Үкімет

Алматы, NEGE.«Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы қайғылы оқиға салдарынан адамдардың қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Оқиғаның себептерін анықтау менің жеке бақылауымда. Қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті қолдау көрсетіледі», – деді Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда Қарағанды ферроқорытпа зауытында ТЖ салдарынан болған апаттың себептерін тергеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, балалары бар қаза тапқандардың отбасына асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты республикалық бюджеттен жәрдемақы және МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Қаза тапқандардың отбасы сақтандыру ұйымынан төлемдер және БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем алады.

Сонымен қатар жұмыс беруші компания жерлеу рәсімінің барлық шығынын, сондай-ақ келесідей міндеттемелерді:

– қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беруді;

– қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесуді;

– қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелерінің барлық несиесін толық өтеуді өз мойнына алды.

Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның сегіз қызметкері зардап шегіп, оның төртеуі қаза тапты.

Қазір оқып жатыр

Ержан Бабақұмаровты өлтірген ер адамға үкім шықты

Sulpak негізін қалаушының қызы компания үлесіне қатысты даулы мәселе көтерді

Еңбек министрлігі: Зейнетақы жинақтары кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит емес

Нұрай Серікбайдың қазасы: күдікті жігіт ақыл-есі дұрыс деп танылды