Үкімет басшысы бюджет тапшылығы 1 трлн теңгеге дейін қалай қысқартылатынын түсіндірді

2027 жылғы бюджетті әзірлеу кезінде мемлекеттік органдардан 36,9 трлн теңге сұраған. Алайда Үкімет 30,2 трлн теңгенің көлеміндегі шығыстарды мақұлдап, сұралған соманы 6,7 трлн теңгеге қысқартқан.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Құрылтай отырысында премьер-министр Олжас Бектенов депутат Наталья Годунованың сауалына жауап бере отырып мәлімдеді.

Депутат бюджет жобасында 2029 жылға қарай тапшылықты 1 трлн теңгеге дейін, яғни төрт еседен астам қысқарту жоспарланғанын алға тартып, мұндай болжам қаншалықты шынайы екенін сұрады.

«Бюджет тапшылығын азайту – үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі. Біз бюджет кірісі мен шығысы арасындағы айырмашылықты барынша қысқартуға ұмтыламыз. Ол үшін екі бағытта жұмыс істеу керек: бюджет кірісін арттырып, шығыстарды оңтайландыру қажет», – деді Бектенов.

Үкімет басшысының айтуынша, үш жылдық республикалық бюджет жобасында 2027 жылғы кіріс көлемін 19,9 трлн теңгеден 23,4 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Бұл – 3,5 трлн теңгеге артқан көрсеткіш.

Сондай-ақ ол 2026 жылы бюджетке енгізілген түзетулер арқылы 360 млрд теңге шығыс қысқартылып, қаражат басым бағыттарға қайта бөлінгенін атап өтті.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдарға арналған әкімшілік ғимараттардың құрылысына мораторий жарияланған.

Олжас Бектенов бюджет шығыстарын азайту шараларының бірі ретінде әлеуметтік қолдау жүйесін реформалауды атап өтті. Оның айтуынша, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік көмек адамның белгілі бір санатқа жататынына емес, нақты мұқтаждығына қарай беріледі.

«Мәселен, бүгінде табысы жоғары да, тұрмысы төмен де көпбалалы отбасылар мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздің ойымызша, бұл – әділетсіз. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдар мемлекет көмегіне мұқтаж болмауы керек. Олар өз күшіне сүйенуі қажет. Ал мемлекет қиын өмірлік жағдайға байланысты өзін қамтамасыз ете алмайтын азаматтарды қолдауы тиіс», – дейді Олжас Бектенов.

Оның пікірінше, сонымен бірге адам мемлекет көмегін тұрақты табыс көзі ретінде қабылдамауы керек. Ол осы көмектің арқасында өмір бойы күн көруді мақсат етпеуі қажет. Керісінше, мемлекеттік қолдау адамның өз орнын тауып, өзін-өзі қамтамасыз етуіне және уақыт өте келе мұқтаж азаматтар санатынан шығуына түрткі болуы керек.

Үкімет есебіне сәйкес, әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістер арқылы 2027 жылы 700 млрд теңге, ал үш жыл ішінде шамамен 2,5 трлн теңге үнемдеуге болады.