Бекіре тұқымдас балық пен уылдырық сатып алғандар жауапқа тартылады
Атырау облыстық прокуратурасы бекіре тұқымдас балық пен уылдырықты сатып алғандар жауапқа тартылатынын ескертті.
Астана, NEGE. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтар мен олардың дериваттарының заңсыз айналымы алаңдаушылық туғызып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың қылмыстық қудалау органдарымен экология саласында 30 құқық бұзушылық тіркелді. 2025 жылдың ішінде соттарға айыптау актісімен 11 қылмыстық іс жолданып, олар бойынша 10 тұлғаға айыптау үкімі шығарылды.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339 және 339-1-баптарына сәйкес, тек заңсыз аулауды жүзеге асыратын тұлғалар (браконьерлер) ғана емес, сонымен қатар сирек кездесетін жануарлар мен олардың бөліктерін заңсыз сатып алатын, сақтайтын, өткізетін немесе тасымалдайтын адамдар (сатып алушылар мен қайта сатушылар) да қылмыстық жауаптылыққа тартылады», – дейді прокурорлар.
Биыл сот үкімімен Атырау қаласының тұрғыны қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Оның автокөлігін тінту барысында 501,9 кг бекіре тұқымдас балық табылып, алынды. Сот оны кінәлі деп танып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оған қоса сотталушыдан материалдық шығын мен мемлекеттік баж салығын өтеу есебіне 304 млн теңгеден астам қаражат өндірілу міндеттелді.