20 августа 2020 г. 12:58

Бекболат Тілеуханның «қарғыс тізімінде» Елбасы да бар ма?

Кешелі бері әлеуметтік желіде Бекболат Тілеуханның «қарғыс списогы» абың-күбің

сөз болып жатыр. Әңгіменің басы журналист Серік Боқанның әлемжеліде Б.Тілеуханды сынап жазған шағын постынан басталған.

Мәжіліс депутаты Б.Тілеухан журналистке «Аллаһ сенің жаныңды күйдірсін! Жаныңды шыжғырсын!», «Параличь жіберсін!», «Аяғыма жықсын!», «Қияметте жағаңнан алам!» деген сияқты ауыр-ауыр сөздер айтып, қарғыс жаудырған. «Қарғыс списогында» біраз адам бар екенін, солардың тізіміне қосатынын да қадап ескертеді.

Депутаттың «қарғыс тізімінде» журналистер аз болмаса керек. Солардың бірі – Серік Аббас-шах депутатпен бұрынырақта болған екеуара әңгімені бүгін таңда әлеуметтік желіде жариялады. Ол былай деп жазады:

«Естіген кезде, таңдана қоймадым. «Қарғысқа ұрынған» жігітті жақын танымаймын. Фейсбукте белсенді екен. Жазғаны жақпай қалған шығар? Екеуі де аман болсын! Бұл туралы бұрын айтпаған едім... «Список» дегеннен шығады ғой.

Бір жыл бұрын Бекеңмен көшеде кездесіп қалдық. Мен кіргелі тұрған мекеме ғимаратынан шығып келе жатыр екен. Ойымда ештеңе жоқ, күліп амандасып жатырмын.

Әлеуметтік желіде кей әрекет-қылығы үшін сынап немесе қалжыңға айналдырып жүрсем де әлгі «кейіпкерлерімді» дұшпанға балау немесе жек көру әдетімде жоқ. Көбімен күліп-ойнап амандасамыз, әңгімелесеміз, тіпті мерекелерде бір-бірімізді смспен құттықтап та жатамыз.

Бекеңнің әзіліме де, әңгімеме де құштар емес екенін сезсем де ескі танысым ретінде сәлемімді аяп қалмадым.

– Сәлем, Беке? Қалайсыз?
– Менде қалған атаңның өші бар ма? (қаны басына шапса керек, танысымның түкірігі шашырып кетті)
– Беке, атамызды араластырмай ақ қояйық. Тіл байлығыңыз жетеді ғой, ойыңызды басқаша жеткізерсіз.
– Менде қалған атаңның өші бар ма?
– Не айтқыңыз келіп тұр?
– Мен енді ештеңе айтпаймын. Меккеге барғанда саған қарсы дұға оқыдым. Аллах сені тәубеңе келтіріп, аяғыма жықсын деп сұрадым. Көресің, күт енді...
– Беке, Ораза кезінде, қасиетті Меккеде жақсы тілек тілемеуші ме еді. Мынауыңыз не?
– Аллах жазаңды берсін!
– Беке, мына қылығыңыз тұлға ретінде де, жігіт ретінде де жараспайды сізге. Оның үстіне «жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін табады» дейді ғой.

Бекең мені тыңдағысы келген жоқ. Түкірігі шашырап, тағы бірдеңелерді айтып бара жатты. Қарғап-сілеу шығар?

(Оны арғы жақта кеңесшісі ме, көмекшісі ме, білмеймін, әйтеуір қасынан қалмай жүретін бір жігіт күтіп тұрды, мен танитын...)

Айтпақшы, «Нұр Отандық» мәжіліскер-қарғысологтың «списогінде» тағы кімдер бар деп ойлайсыз?».

Қарғыстың аужайынан байқағанымыздай, «мәжіліскер-қарғысологтың списогында» адам аз болмаса керек. Соған қарағанда, депутат атына сын айтқанның, көзіне тура қарағанның бәрін «списокқа» тыға беретін сияқты. Мұндайды қазақ «шыбық тимес шыңқ етер» демейтін бе еді? Жалпы, мұндай нәрсе Мәжіліс депутатына, билік партиясының өкіліне жарасатын қылық па?

Айтпақшы, журналист Серік Боқан бүгін әлеуметтік желіде тағы бір жазба қалдырып, Б.Тілеуханды «қазақтың қайсар ұлы» деп атады және «Қазақ халқын Бекболат Тілеуханды айыптай беруді доғаруға» шақырды. Депутаттың «қарғысы» журналистің жанына қатты тисе керек, сірә.

1996 жылдан бері түрлі қызмет істеп, Президент оркестрін басқарған, Мәдениет комитетіне жетекшілік жасаған, вице-министр болған, бірнеше шақырылымда қатарынан Мәжіліс депутаты болып сайланған Б.Тілеухан 2012-2016 жылдары Мәжілістен шеттеп қалды. Ол кезде билік тізгіні Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында еді. Бекболат Тілеуханның билікке қатысты іштегі қыжылын айта бастағаны да – осы тұс. Сонда депутаттың «қарғыс списогында» Елбасы да бар болып шыға ма, қалай?..     

Тегтер: