Бекболат Тілеухан Парламенттен кетті
29 желтоқсанда мәжіліс Бекболат Тілеуханның депутаттық өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатты.
Нұр-Сұлтан, NEGE. ОСК мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, депутаттың өзі кету туралы өтініш берген. Оның өтінішін депутаттардың барлығы бір ауыздан қолдады.
«Артық айтқан сөзім болса кейбір әріптестерімнен кешірім сұраймын» деді Тілеухан мәжіліс жиыны кезінде. Бекболат Тілеухан желтоқсан айында Азаттық тілшісіне берген пікірінде «Шаңырақ оқиғасы» бойынша ұзақ жылға сотталған, жуырда түрмеден босатылғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болған диссидент Арон Атабекті кінәлай сөйлеп, "ел бұзар" деген.
29 желтоқсанда ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген ол мәжілістен кетуіне бұл оқиға әсер етпегенін меңзеді. «Мұндай шешім қыркүйек айында қабылданған», – деді ол. Ал ОСК өкілі журналистерге Тілеуханның «кету туралы өтінішті 28 желтоқсанда бергенін» айтты.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттықтан кеткен Бекболат Тілеуханның қандай қызметке тағайындалатынын айтты. – Бекболат Қанайұлының баршаңыз жақсы білесіздер. Халқымызға танымал тұлға. Бүгін де Бекболат Тілеуханның білмейтін қазақ жоқ десек артық болмайды, – деді Нұрлан Нығматулин.
Ол экс-депутатты саясатта болсын, өнерде немесе қоғамдық өмірде болсын, үлкен абырой жинап келе жатқан азаматтардың бірі деп жоғары бағалады. Бірнеше шақырылым Мәжіліс депутаты болды. Халыққа қажетті заңдарды қабылдауға ықпал етті. Әсіресе әлеуметтік-мәдени даму жолында еңбегі зор. Енді міне, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалды, – деді Мәжіліс спикері.
Осы ретте Нұрлан Нығматулин әріптесіне алғыс білдіре отырып, жаңа қызметіне табыс тіледі.
Айта кетейік, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясыныі (WEC) штаб-пәтері Түркияның Ыстамбұл қаласында орналасқан. Біләл Ердоған басқаратын бұл ұйымға Қазақстан 2019 жылы алғашқы толыққанды мүшесі ретінде қабылданған. Бекболат Тілеухан өткен жылдан бері конфедерацияның Орталық Азия комитетіне жетекшілік етіп келеді.
Бекболат Тілеухан – парламентте ұзақ отырған шенеуніктердің бірі. Өзінің айтуынша, «мәжілістің үш шақырылымында бес жыл депутат болған». Сәрсенбі күні ол «мәжілістен кетсе де, «Нұр Отаннан» кетпейтінін, саяси көзқарасы өзгермегенін» айтты.