Бекарыс Әбиолдаұлы: Арманым – министр болу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мереке қарсаңында Отан қорғаушы әскерилерге бірқатар жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныбын берді. Одан өзге ерлігімен көзге түскен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де марапатталды.
Ақпан айының басында ШҚО-ның полиция қызметкерлеріне бұзақылар шабуыл жасады. Тұрғындар «тыныштығымызды бәзбіреулер бұзып жатыр» деп жергілікті полиция бөлімшесіне қоңырау шалады. Сол күні түнгі кезекшілікке түскен полиция аға лейтенанттары Бекарыс Абдолданов пен Нұржан Какеев оқиға орнына жетеді. Бұзақылар Какеевті мойынынан суық қарумен жаралап, із суытпақ болған. Құқық қорғаушылар бұзақыларды қуып жетіп, полицияға тапсырған.
Бүгін Бекарыс Әбиолдаұлы ІІМ Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан арнайы марапат алды. Хабарласып, редакция атынан құттықтап, аз-кем сұхбаттастық.
– Бекарыс, келе жатқан мереке, бүгін алған марапат құтты болсын! Қандай сезімдесіз?
– Өте қуаныштымын. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеп тұр. Жан-жақтан туған-туыс, дос жаран хабарласып құттықтап жатыр.
– Ақпанда болған жайттан хабардармыз. Отандық БАҚ ерліктеріңізді, қызмет жолындағы табандылықтрыңызды жазды. Мерейлеріңіз өсті. Мұндай оқиғалар жиі бола ма?
– Шынын айту керек, кезекшілікке түскен әр күнімізде осы іспетті оқиғаларға кезігеміз. Оның бәрі БАҚ-та айтыла, жазыла бермейді. Осы салада жүргеніме небәрі 3 жыл болса да еңбегімді елеп жатқан қазақ халқыма деген алғысым шексіз.
– Жас маман екенсіз, қайда оқыдыңыз? Полиция қызметкері болуды армандадыңыз ба?
– Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығын оқып бітірдім. Оқудан кейін Ақтау қаласында отан алдындағы борышымды өтеп келіп, 2018 жылы осы қызметке орналастым. Құқық қорғау саласында еңбек ету бала күннен бергі арманым еді.
– Арманыңыз орындалыпты. Ендігі арманыңыз не?
– «Генерал болуды армандамайтын жауынгер болмайды» деген іспетті мен де министр болуды армандаймын.
– Отбасыңызда немесе жақын туыстарыңыздың арасында осы сала мамандары бар ма?
– Ондай туыстарым жоқ. Жалпы 3 ағайындымыз. Өзімнен кейін бір қарындасым мен бауырым бар. Әке-шешем Зайсан қаласы, Жаңатұрмыс деген ауылда тұрады. Мен де сол жерде тудым, өстім.