Bek Air үнемдеймін деп 12 адамның обалына қалған ба?

Кеше Нұр-Сұлтанда Bek Air ұшағы апатына байланысты комиссияның алдын ала қорытындысы жарияланды. ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдың сөзіне қарағанда, апаттың басты себебі ұшақ қанатына мұз қатудан болған.

Баспасөз-конференциясында белгілі болғандай, бұған дейін ықтимал делінген бірқатар болжам жоққа шыққан. Мысалы «Әуе  кемесіне коммерциялық жүктерді тиеу кезінде ереже сақталды ма?» деген сауалдың енді маңызы жоқ. Өйткені ереже толық сақталған. Оған қоса, жел тұрақты болғандықтан, ауа толқыны да ұшаққа әсер етпеген.
Роман Склярдың айтуынша, ұшар алдында Bek Air ұшағының қанатына мұз қатырмайтын арнайы сұйықтық жартылай ғана «жағылған». Дәлірек айтқанда,  ұшақтың қанаттары сұйықтықпен «сүртілмеген».

«Комиссия тұрақта шамамен екі тәулік тұрған әуе кемесінің беткі қабатына мұз жиналып қалуы мүмкін деп есептейді. Метеорологиялық ақпараттар мен борттағы тіркегіш деректерді талдағанда, ұшаққа мұз қату – апаттың басты себебі ретінде қарастырылды», – дейді Роман Скляр.

Ал мұз қатырмайтын сұйықтық ұшақтың «тұла бойына» неге толық жағылмаған? Бұл жауапкершіліктің жоқтығын білдіре ме, әлде өзге де себебі бар ма? Интернетті ақтарғанымызда, алдымыздан мынадай екі ақпарат шықты. Телеграммдағы парақшасында «Дикая Азия» атымен тіркелген қолданушы былай дейді:    

«Алматыдағы Бек Эйр ұшағының апатқа ұшырауының негізгі нұсқасы – үнемдеу. Иә, ақшаны үнемдеу үшін ұшақты «мұздануға» қарсы сұйықтықпен «өңдемейді». Бұл құпия емес, бюджеттік компаниялар бәрін үнемдейді. Сондықтан көбіне тек ұшақтың құйрығы «өңделеді». Қанаттарына ақша жетпейді. Бюджеті төмен компаниялардың жазылмаған ережесі бар, оған сәйкес, екінші айналымға өткен әуе кемесінің командирі бонус пен басқа да ынталандыру төлемдерінен айырылуы мүмкін. Екінші айналымға қосымша отын жағылады. Балама аэродромға шығу – бұл компанияның бюджетіне үлкен соққы. Сіздің өміріңіздің бағасы – екі жүз литр реактивті отын немесе мұздатуға қарсы қоспа».

Екіншісі, апаттан кейін «Караван» газетіне сұхбат берген «Fokker-100» әуе кемесінің бұрынғы ұшқышы Владимир Потехиннің сөзі. Ол «Bek Air» компаниясында жұмыс істегенде, жағдайларының тым қиын болғанын, экипаж мүшелері айлап ақшаларын ала алмайтынын, сұраса, «ақшаның бәрі керосин жеткізушілермен есеп айырысуға кеткенін» еститінін, ал басшылардың үнемі «Шыдаңдар» деуден басқа ештеңе айтпағанын жеткізіпті. Содан кейін де ол амалсыз Ресейдегі әуе компаниясының біріне ауысып кеткен.

Бұл мәліметтер қаншалықты рас? Біздіңше, осы мәселелер алдағы уақытта жіті тексерілгені дұрыс секілді. Өйткені адам өмірінен қымбат не бар?

Сансызбай Нұрбаба  

Қазір оқып жатыр

Президент қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

Президент: Қазақстан Еуразиядағы жетекші ғылыми-технологиялық орталыққа айналуы керек

Небәрі 29 жоба және 11 қылмыстық іс: Тоқаев Ғылым қорын сынға алды

Астанада Тасмағамбетов кезінде басталған көшенің «жыры» әлі бітпеген