Базалық мөлшерлеме төмендеді: банктер несие пайызын қашан азайтады?

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін банктер несие пайызын қашан азайтатыны туралы сұраққа жауап білдірді.

magnific.com

Астана, NEGE. Сүлейменов ақша-кредит саясатының экономикаға әсері белгілі бір уақыттан кейін байқалатынын атап өтті. Оның айтуынша, қолданыстағы несие келісімшарттарында пайыздық мөлшерлеме алдын ала бекітіледі. Сондықтан банктер келісімшарт талаптарын бірден өзгертуге асықпайды.

«Клиенттер: "Біз сіздерден 17 пайызбен несие алған едік, енді мөлшерлеме төмендеді. 15 немесе 16 пайызбен несие беріңіздер" дейді. Алайда келісімшарт мерзімі аяқталғанша онда көрсетілген мөлшерлеме қолданылады. Бұл тәртіп мөлшерлеме өскен кезде де кері жұмыс істейді. Сондықтан өзгерістің әсері шамамен 9-12 айдан кейін байқалады. Кейбір несие өнімдері бойынша бұл мерзім одан да ұзаққа созылуы мүмкін», – деді Ұлттық банк басшысы.

Бұл ретте орталық банк басшысы несие мөлшерлемесі төмендей бастағанын айтты. Жыл басынан бері экономикадағы несие бойынша орташа мөлшерлеме 1 пайыздық тармаққа азайған. Ұлттық банк алдағы уақытта да төмендеу үрдісі жалғасады деп болжап отыр.

Сонымен бірге базалық мөлшерлеме несие пайызына тікелей тең болмайды. Әр клиенттің несие тарихы, кепілінің болуы және қаржылық жағдайы ескеріледі. Сондықтан несие шарттары әрбір азамат пен бизнес үшін әртүрлі болуы мүмкін.

Еске салсақ, 23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75% деңгейінде белгіледі. Базалық мөлшерлемені төмендету шешімі инфляцияның баяулауына байланысты қабылданды.