«Байсат» базарын ERG бас директорының компаниясы сатып алғаны мәлім болды
Қайрат Сатыбалдының отбасынан мемлекетке қайтарылған Алматыдағы «Байсат» базарын Central Trade Management Ltd. компаниясы сатып алған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Telegram-дағы «За нами уже выехали» арнасы хабарлады.
Компанияның құрылтайшысы – Қазақстандағы ERG активтерін басқаратын «Еуразиялық Топ» ЖШС-ның бас директоры Кудрәт Шамиев.
«Байсат» базары «Орталық көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС ретінде тіркелген.
Еске салсақ, базар 2026 жылғы 7 тамызда кезекті сауда-саттықта сатылды. Аукционға бір ғана субъект қатысып, базарды ұсынылған бағаға – 24 772 753 285 теңгеге сатып алған. Алайда сауда-саттық өткен күні оның жаңа иесі кім екені жарияланбай, құпия күйінде сақталған еді.
Базар Қайрат Сатыбалдыдан 2024 жылғы қаңтарда қылмыстық тергеу барысында мемлекетке қайтарылған болатын. Мемлекет меншігіне өткенге дейін бұл актив Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі болған.
Содан бері нысан төрт рет саудаға шығарылды. Ол алғаш рет 2025 жылдың қарашасында саудаға шығарылған. Ол кезде бастапқы бағасы 28,6 млрд теңге деп белгіленген. Сатылымнан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға бағытталып, қоғам мүддесіндегі әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалады деп жоспарланған. Алайда бұл жоспар жүзеге аспады.
Сол жылдың желтоқсан айында өткен аукционда баға 26,7 млрд теңгеге дейін, ал 2026 жылдың қаңтарында тіпті 24,7 млрд теңгеге дейін төмендетілді.
Ал соңғы рет 26 мамырда қайтадан 28,6 млрд теңгемен аукционға шығарылды, алайда ол кезде де ешкім сатып алуға ықылас таныта қойған жоқ.