«Байлығым, барым, әкімім»: Абай облысының әкімдігі Берік Уәлиді мадақтаған әнді өшіруді талап етті
Семейлік асабалардың өңір әкімі Берік Уәлидің мақтауын асыра орындаған әні әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, түрлі пікір тудырды. Бұл жайтқа әкімдіктің баспасөз қызметі түсініктеме беріп, мұндай мазмұнда бейнебаян түсіруге тапсырма берілмегенін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Ән мәтінінде Берік Уәлидің «өзі жемей, қаласын гүлдендіргені», көшелерге асфальт төсеп, жемқорларды қызметінен алғаны мадақталады. Сондай-ақ ән авторлары жұртты әкімге қошемет көрсетуге шақырады. Тіпті Берік Уәлидің әкім болып келгеніне хакім Абайдың өзі қуанғаны да әнге арқау болған.
Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі Азамат Қасымның мәлімдеуінше, бейнежазба 25 қараша күні кешке Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде жарияланған. Оны байқаған әкімдік өкілдері видео авторларынан жазбаны дереу өшіруді талап еткен. Бейнежазба авторлардың парақшаларынан алынып тасталғанымен, осы уақыт ішінде көшірмелері әлеуметтік желілерде тарап үлгерген.
«Аталған бейнежазбаның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне немесе өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ. Оны түсірген азаматтар мемлекеттік органдардың немесе мәдениет ұйымдарының қызметкерлері емес. Бейнежазба жеке бастамамен әзірленіп, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалды түсіруге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілген жоқ», – дейді әкімдік өкілі.
Сондай-ақ әкімдіктегілер нақты мән-жайды ескеруді, расталмаған мәліметтер мен жаңсақ пайымдарға жол бермеуді сұрайды.
Айта кетейік, семейлік асабалар бейнежазбада Мұхтар Түнқатардың әкеге арналған «Әкеме қошемет» атты танымал әнін негізге алған. Алайда әннің өзгертілген нұсқасында әкенің орнына облыс әкімі дәріптелген.