28 января 2026 г. 15:26

«Баяндамасын Grok пен ChatGPT-ге жаздырады»: Тоқаев шенеуніктерді сынады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызмет барысында жасанды интеллектке арқа сүйеп алған адамдарды, соның ішінде баяндамасын Grok пен ChatGPT-ге жаздыратын шенеуніктерді сынап өтті.

Астана, NEGE. Президент Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында саланы цифрландыру мәселесіне тоқтала келе, экономикаға төнген қауіптің бетін қайтаруда цифрлық жұмыс тәсілдері ауадай қажет екенін атап өтті. Бұл ретте ол адамдардың дұрыс білім алудан бұрын жасанды интеллектіге иек артып кеткеніне назар аударып, сала мамандарына ақыл-ойға көбірек жүгінуге кеңес берді.

«Бірақ жасанды интеллектіге ғана емес, өз ақыл-ойларыңызға да сенген артық етпейді. Адамдар ЖИ-ге арқа сүйей бастағанын, тіпті баяндамаларын да өздері жазбай, оны Grok пен ChatGPT-ге тапсыратынын байқаймын. Яғни адамдар дұрыс оқуды, тиісті білім алуды емес, интеллектіні түрлі нұсқада қалай пайдалануды үйренуде. Мұның салдары ауыр болады», – деді Президент.

Сондай-ақ Президент жиын барысында Қаржылық мониторинг агенттігіне банктердің заңсыз, күмәнді операцияларына бақылауды күшейтуді тапсырды.