Баянауылдағы дала өртін сөндіруге жүзден астам адам жұмылдырылды
Тілсіз жаудан болжам бойынша 800 гектар жердегі құрғақ шөп жанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар, NEGE. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 14 шілдеде сағат 12:45-те Баянауыл ауданында, Қызылтау ауылынан 20 шақырым жерде ашық аумақта өрт шыққаны туралы хабарланған
- Өрт Баянауыл ұлттық паркі аумағына өтті. Долинское орманшылығында 20 гектар жерді және 115, 117, 118 кварталдарын қамтыды. Жалын ТЖД күштері мен құралдарының арқасында оқшауланды, - делінген хабарламада.
Тілсіз жауды өшіруге жеке құрамның 27 адамы және 7 бірлік техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ, өртті сөндіруге орман шаруашылығынан 40 адам және 13 бірлік техника, ЖЗҚ-дан 55 адам және 11 бірлік техника және жергілікті атқарушы органдардан 8 адам және 4 бірлік техника қатысты.
ТЖД қызметкерлері барлық азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады, әсіресе орман және ауыл шаруашылығы аудандарында.