«Баянауыл» табиғи паркі аумағындағы орманда өрт шықты
«Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Жасыбай орманшылығы аумағындағы орман өрті 9 шілде күндіз тіркелді.
Астана, NEGE. «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің хабарлауынша, алғашқы болып оқиға орнына әуе өрт сөндіру қызметінің екі десантшысы жетіп, сағат 12:19-да өртті сөндіру жұмыстарына кіріскен.
Өртті сөндіруге ұлттық парктің мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, әуе өрт сөндіру десантшылары және ТЖМ күштері жұмылдырылды. Сондай-ақ оқиға орнында 2 өрт сөндіру көлігі, 3 кіші орман өрт сөндіру патрульдік кешені мен ВО-105 тікұшағы жұмыс істеп жатыр.
«Өрт техника бара алмайтын таулы, жартасты аумақта болғандықтан, "Қазавиаорманқорғау" РМҚК-ның І класты тікұшағы Семей қаласынан өрт орнына бағытталды. Қосымша күш ретінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағы ұшуға әзірленіп жатыр», – делінген ресми ақпаратта.
Өрт сөндірушілер қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынғанын айтып, сендірді.