Баян Алагөзова мен Динара Сәтжан сотқа берген ақтөбелік емші айыппұл арқалады
Ақтөбеде емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты «Жала жабу» бабымен әкімшілік іс қаралды. Оның үстінен танымал продюсер Баян Алагөзова мен журналист Динара Сәтжан арыз түсірген.
Астана, NEGE. Продюсер мен журналист емшіге қатысты арызды 15 мамыр күні Е-өтініш порталы арқылы берген, деп жазады Kazinform.
Ақтөбе қалалық полиция басқармасы учаскелік полиция инспекторы Ұлан Есжановтың айтуынша, келесі күні Алагөзова мен Сәтжанның қорғаушылары бейнежазбаның өзін ұсынған.
Бағдагүл Лепесоваға қатысты 25 мамыр күні Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, бейнематериал сот сараптамасына жіберілген. Сараптама қорытындысы бойынша «жала жабу» дерегі расталып, іс сотқа жолданған.
Сотта емші өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, парақшасына мұндай видео салмағанын айтты.
«Менің өз әлемім бар. Бұл кісінің әлемін мен түсінбеймін. Өзіме тағылған айыптың ешқайсысын мойындамаймын. Видео менің парақшамда тұр ма? Жоқ. Менің парақшам болмаса бұл кісілерге қалай жауап беремін? Мына жердегі бейне менікі емес. Біреулер үшін жауап бере алмаймын», – деді айыпталушы.
Оның қорғаушысы да сотта бейнежазбалардың монтаж болуы немесе ЖИ пайдалану арқылы жасалуы мүмкін деген негізді уәж келтірілгенін айтты. Әрі сараптама қорытындысын заңсыз деп тануды, бейнежазбаны жариялаған екі аккаунт иесін тауып, сотта жауап алуды сұрады.
Баян Алагөзова сотқа онлайн қатысты. Ол бейнежазба ар-ожданына тигенін, кешірім бермейтінін және медиациялық келісімге келмейтінін айтты. Алагөзова соттан Лепесованы жазалауды сұрады.
«Біз құқықтық мемлекетте тұрамыз. Қазақстан азаматының ар-ожданын қорлауға, кемсітуге болмайды. Мені қорлады, кемсітті. Мұның бәрін тыңдап отыруға лайықты емеспін. Барлық порталдан көрдім. Осы себепті тіпті TikTok аккуантты өшіріп тастадым. Тұлға, адам ретінде еңсеңді езіп жібереді. Есірткіге тәуелді, мемлекеттен ақша алып, жігіттерді жалдайды, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсайды деп айтқан. Көп қорлап, жала жапты. Мен әділ шешім шығарып, Лепесованы жазалауды сұраймын», – деді Алагөзова.
Сотта Бағдагүл Лепесова айыпты деп танылып, оған түпкілікті 1 557 000 теңге әкімшілік айыппұл төлеу міндеттелді. Сондай-ақ айыппұл 30 тәуліктен кешіктірілмей төленуі тиіс екені ескертілді.
Айта кетейік, Бағдагүл Лепесоваға қатысты Астанада Қылмыстық кодекстің «Қорлау» бабы бойынша қылмыстық іс те тіркелген.