«Бай-бағландар да, биліктегілер де келеді»: уролог ерлерге арналған операциялар туралы айтты

Уролог-андролог Азамат Сандыбайұлы NEGE арнасына берген сұхбатында жыныс мүшесі тұрмайтын ер адамдар, соның ішінде танымал және ауқатты азаматтар да мамандарға жүгінетінін айтты.

NEGE

Астана, NEGE. Маманның сөзінше, жыныс мүшесінің ұзындығына қатысты ер адамдардың түсінігі әрдайым медициналық көрсеткіштермен сәйкес келе бермейді. Оның айтуынша, эрекция кезінде жыныс мүшесінің ұзындығы 8–9 сантиметрден асса, бұл қалыпты көрсеткіш саналады.

Ал жыныс мүшесі патологиялық түрде қысқа болса немесе микропенис, жасырын жыныс мүшесі сияқты жағдайлар анықталса, хирургиялық әдіс қолданылуы мүмкін.

«Мүшенің сыртқа шығып, көрініп тұрған бөлігі – оның үштен бірі ғана. Қалған бөлігі кіші жамбас астында орналасады. Ота арқылы оны ұзартуға болады: арнайы байламдарды босатып, ұзындығын 2 сантиметрге дейін арттыра аламыз», – деді уролог.

Сонымен қатар уролог кейбір ер адамдар медициналық қажеттілік болмаса да, жыныс мүшесін айтарлықтай ұзартуды талап ететінін айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдай адамның өз денесін қабылдауына байланысты психологиялық мәселеден туындауы мүмкін.

Жыныс мүшесі тұрмайтын жағдайда не істеуге болады?

Азамат Сандыбайұлы ер адамдар үшін жыныс мүшесінің ұзындығынан гөрі эрекцияның болуы маңызды екенін атап өтті.

«Басты мәселе – эрекция бар ма, жоқ па. Эрекциясы болмайтын ер адамдар көп. Асқынған диабет, психологиялық және басқа да факторлар жыныс мүшесінің тұруын қиындатуы мүмкін. Бұрын мұны импотенция деп атаған, қазір эректильді дисфункция термині қолданылады», – деді уролог.

Маманның айтуынша, қазіргі андрологияда эректильді дисфункцияның ауыр түрлерінде арнайы импланттар мен құрылғылар қолдануға болады. Мұндай хирургиялық әдіс дәрі-дәрмек пен басқа ем тәсілдері нәтиже бермеген кейбір науқастарға ұсынылады.

Дәрігер Қазақстанда да бұл мәселемен әртүрлі әлеуметтік топтағы ер адамдар мамандарға жүгінетінін айтты.

«Мәскеуде Гвасалия есімді мықты хирург бар, ол – біздің тәлімгеріміз. Сол кісі: “Қазақ бауырларымыз бізге жиі келеді, тіпті кейбірін өзің де танисың”, – деп айтты. Оның сөзінше, бай-бағландар, мүмкін, билікте отырған адамдар да мұндай ота жасатып тұрады», – деді Азамат Сандыбайұлы.

Оның айтуынша, мұндай операция кезінде арнайы имплант орнатылады. Оның көмегімен ер адам қажет кезде эрекцияға қол жеткізе алады. Алайда бұл күрделі хирургиялық араласу болғандықтан, операцияны тиісті медициналық мекемеде білікті маман жасауы керек.

Дәрігер мұндай құрылғылардың бағасы да жоғары екенін атап өтті.