25 декабря 2025 г. 17:05

Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді

Фото: adebiportal.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аңызға айналған батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды. 

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы бұл шешім тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін қабылданғанын мәлімдеді. Президент батырдың ерлік жолы Қазақстанмен қатар, шет елдерде де кеңінен танымал екенін атап өтті.

«Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек», – деді президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Бауыржан Момышұлының ерлігі – жай ғана аңызға айналған әфсана емес. Бұл нақты құжаттармен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар мойындаған сөзсіз ерлік екенін айтты. 

«Елге ерлігімен танылған, еңбегі сіңген азаматтарын бағалай білген жұрт ешқашан ұтылмайды», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Президент тиісті Жарлыққа қол қойылғанын және құжаттың ресми түрде жарияланатынын мәлімдеді.