Бауыржан Исламхан «Астана» сапына қосылды
Қазақстандық футболшы Бауыржан Исламхан «Астана» клубымен осы жылдың соңына дейін келісімшартқа қол қойды.
Алматы, NEGE. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Бауыржан Исламхан 2013 жылы елордалық клубтың намысын қорғап, жарты маусымда 8 ойын өткізген.
Бауыржан Исламхан 1993 жылы дүниеге келген. Футболдағы алғашқы қадамын 2011 жылы «Тараз» командасында бастаған ол қазақстандық «Астана», «Қайрат», «Ордабасы», «Тұран», Ресейдің «Кубань», Біріккен Араб Әмірлігінің «Аль-Айн» клубының намысын қорғады.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 2012 жылдан бері 56 кездесуде 4 гол соқты.
Аталған трансферге байланысты «Астана» клубының басшысы Саян Хамитжанов түсініктеме берді.
«Қазір Бауыржан өз бабынан әлі алыста екенін жақсы түсініп отырмыз. Жарақатынан кейін ол бұрынғы қалпына келуі үшін уақыт қажет. Мұндай жағдайдан ешкім сақтандырылмаған.
Сондықтан Исламханның ұлттық құрама мен отандық футболдағы еңбегін ескере отырып, клуб оның толық қалпына келуіне көмектесу дұрыс деп шешті. Біз оған уақыт керек екенін түсінеміз.
Қазір ол біздің мақсатымызды орындауға тікелей көмектесе алмайды. Соған қарамастан, оның жоғары деңгейдегі футболшы екеніне еш күмәніміз жоқ. «Астана» оған қайта қалпына келуге, бұрынғы бабына еніп, қазақстандық жанкүйерлерді ойынымен қайта қуантуға мүмкіндік беруге дайын», – деді ол.