15 декабря 2025 г. 17:43
Батыс Қазақстанда үш адамды үсік шалып, олар қайтыс болды
Батыс Қазақстан облысында боран кезінде жоғалып кеткен бірнеше адамның өлі денесі табылды.
Астана, NEGE. Полиция қызметкерлері боранды күні жоғалып кеткен үш ер адамның мәйітін анықтады. Алдын ала дерек бойынша, Жәнібек ауданында 57 жастағы ер адам, Бөкей ордасы ауданында 25 жастағы азамат және Қазталов ауданында 35 жастағы ер кісі көз жұмды.
Ал Ақжайық ауданының 54 жастағы тұрғыны тірі табылғанымен, оның аяғы қатты үсіп қалған. Зардап шеккен азамат жедел түрде Орал қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Сонымен қатар, Жәнібек ауданының 59 жастағы тұрғынын іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Құтқару қызметтері мен полиция тұрғындарды ауа райы қолайсыз күндері алыс жолға шықпауға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.