Батыс Қазақстан инвестиция тартуда қандай артықшылықтарға ие?
Батыс Қазақстан облысы – ел экономикасының тірек өңірлерінің бірі. Мұнай-газ өндірісі, ауыл шаруашылығы және шекаралық орналасуы аймақтың стратегиялық маңызын айқындап келеді. Ендігі міндет – осы әлеуетті тиімді пайдаланып, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа инвестиция тарту. Бұл бағытта Мемлекет басшысы тиісті министрліктер мен өңір әкімдіктеріне нақты міндеттер жүктеген болатын.
Астана, NEGE. Осы мақсаттағы жұмыстың бір көрінісі ретінде жуырда Орал қаласында «Өңірдің болашақ даму стратегиясы» атты II халықаралық инвестициялық форумы өтті. Іскерлік алаңға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан, «Атамекен» ҰКП, «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz» компанияларының өкілдері, отандық кәсіпкерлер, сондай-ақ АҚШ, Қатар, Италия және өзге де елдердің делегациялары жиналды. Форумда өңірдің инвестициялық әлеуеті мен жаңа өндірістік жобалары таныстырылып, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды.
Стратегиялық үш таған: БҚО несімен тартымды?
Инвестор үшін ең алдымен тұрақты инфрақұрылым, тиімді логистика және өндірістік база маңызды. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның пікірінше, Батыс Қазақстан облысының инвестициялық тартымдылығын айқындайтын үш негізгі фактор бар.
«Мен Батыс Қазақстан облысын инвестиция үшін өте тартымды аймақ деп есептеймін. Ең басты ерекшелігі – географиялық орналасуы. Ресейдің бес облысымен шектесеміз. Мәскеуге Қазақстанның кез келген өңірінен құрлық арқылы тауар жеткізетін болсаңыз, жол міндетті түрде Орал арқылы өтеді. Сондықтан бұл өңір көлік-логистикалық хаб ретінде өте қолайлы.
Екіншіден – ауыл шаруашылығы. КСРО кезінен Батыс Қазақстан мал шаруашылығымен, ет өндірісімен танылған өңір. Қазақтың ақбас сиыры да осы жерде шығарылған, оған қоса табиғаты да қолайлы.
Одан бөлек, бәріміз білетін – KPO B.V. Қарашығанақ газконденсант орны. Бұл – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі. Осы айтқан үш бағыттың өзі БҚО-ның қаражат салуға өте сенімді аймақ екенін көрсетеді».
Депутаттың пікірінше, тиімді географиялық орналасу, агроөнеркәсіптік әлеует және Қарашығанақ сияқты әлемдік деңгейдегі кен орны бірін-бірі толықтырып, өңір экономикасының берік негізін қалыптастырып отыр.
Шикізаттан – өңдеу өнеркәсібіне
Бүгінде Батыс Қазақстан тек шикізат өндіруші аймақ ретінде қалуды көздемейді. Өңірдің басты мақсаты – өндірісті әртараптандырып, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды ұлғайту. Бұл үшін халықаралық компаниялардың өндірісін жергіліктендіруге және жоғары технологиялы кәсіпорындарды дамытуға басымдық беріліп отыр.
Өңір кәсіпорындары бүгінде мұнай-газ саласына қажетті жабдықтарды, металл конструкцияларын, трансформаторлар мен құрылыс материалдарын шығаруға қауқарлы. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары жергілікті кәсіпорындардың ірі операторлармен ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік берген.
«Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін инвестициялау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Батыс Қазақстан облысының зауыттары мен мұнай-газ жабдықтарын, металл конструкцияларын, трансформаторлар мен құрылыс материалдарын ірі операторларға жеткізу көлемін кеңейтуге дайын».
Бұл өзгерістер ауыл шаруашылығы саласына да әсер етіп отыр.
«Өңірде жергілікті аграршылардың өнімдерін ірі мұнай операторларына жеткізу көлемі де артып келеді. "KPO B.V." компаниясына "Ауыл аманаты" бағдарламасына қатысушылардан 1 млрд теңгенің тауары өткізілді», – деді Н.Төреғалиев.
Бұл көрсеткіштер өңір кәсіпорындарының ірі халықаралық мұнай-газ компанияларының жеткізу тізбегіне біртіндеп кіріге бастағанын аңғартады.
Болашақтың бағыты: цифрландыру және жаңа капитал
Шын мәнінде, инвестиция тек өндіріс көлемімен өлшенбейді. Технология, цифрлық инфрақұрылым және инженерлік шешімдер де өңірдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлар. Бұл тұрғыда Батыс Қазақстан да жаңа бағыттарға басымдық бере бастады.
Соның бірі – деректерді өңдеу орталығын салу жобасы. Қазақстан экономикасына жалпы көлемі 20 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отырған Қатар компаниялары өңірдің бизнес қауымдастығымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіруде. Егер бұл бастама жүзеге асса, өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға серпін беруі мүмкін.
Инвестициялық форум тағы бір маңызды мәселені айқындады: бүгінде өңір табиғи ресурстарымен ғана емес, өндірістік әлеуетімен, жаңа технологияларды игеруге ұмтылысымен және халықаралық әріптестікке ашықтығымен де инвесторлардың назарын аударуға тырысып отыр.
Қарашығанақтың өндірістік қуаты, шекаралық логистика, өңдеу өнеркәсібіне бетбұрыс және цифрлық жобалар – бүгінде Батыс Қазақстанның инвестициялық күн тәртібін айқындайтын негізгі бағыттар. Форум барысында көтерілген бастамалардың нақты нәтижесі алдағы жылдары белгілі болады. Алайда өңірдің шикізат өндірушіден жоғары қосылған құны бар өндіріс орталығына айналуға ұмтылысы қазірдің өзінде айқын байқалады.