Батарея жұтып қойған сәбидің өліміне дәрігерлер кінәлі ме?
Атырауда полиция батарея жұтып қойған сәбидің өліміне дәрігерлерден күдіктенуде, деп хабарлады ҚазТаг тілшісі.
Алматы, NEGE. «Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 317 бабы 3 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сараптама тағайындалды. Тергеу барысы Атырау облысы полиция департаментінің бастығы мен облыс прокурорының бақылауында», – деп хабарлады өңірдегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпарынша, 28 желтоқсанда облыстық балалар ауруханасында 11 айлық сәби көз жұмды. Себебі – батарея жұтып қойған.
«Рентген баланың ағзасында тұрып қалған батареяны көрсетті. Ауруханада жалпы наркоз арқылы оған эндоскопия жасалып, қауіпті затты алып шықпақ болған, алайда жағдайдың қиындап кетуінен дәрігерлер оны ала алмаған, жедел жасалған ота да көмектеспеген. Бала 28 желтоқсанда дем алуы мен жүрек соғысы қиындап, көз жұмған», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.